Ауыр халде ауруханаға түскен 4 жастағы баланы көлік қақпаған. Бас сүйегін сындырып, кілемге орап, ағаш арасына тастап кеткен қаскөй - бүлдіршіннің өз әкесі болып шықты, деп хабарлайды Алматы телеарнасы.
Қылмысты ашу үшін Алматы қаласы ішкі істер департаментінің арнайы тобы жұмыс істеген. 4 жастағы Мұхамед Аскароглы 16 шілде күні сағат 10.50-де Шығыс айналма жолының маңындағы ағаштар түбінен ес-түссіз жатқан жерінде табылған еді.
Бейнебақылауларды жіті зерттеу барысында, Мұрат Аскароглының ұлын жетектеп бара жатқаны анықталған. Алкогольді ішімдік ішкен күдіктінің айтуынша, ол баласының басын таспен ұрып, сүйегін тесіп жіберген. Тергеу кезінде болған оқиғаны баяндап, орнын көрсетіп берген мейірімсіз әкенің үстінен Қылмыстық кодекстің 106-бабы бойынша іс қозғалып, қамауға алынды.