Қатерлі ісік дертіне шалдыққан бала полицей қызметкері болуды армандайды, ол Астана полицейлерімен бірге патрулдік көлікпен қыдырып, аңсаған арманына қол жеткізді, деп жазады "Спутник Қазақстан".
"Үміт жолы" жобасының еріктісі Жұлдыз Қабдылованың айтуынша, бала сегіз жаста, есімі Нұрасыл. Ол қатерлі ісік дертіне шалдығып, елордадағы Ана мен бала орталығына емделуге Тараздан келген.
"Біз ІІД-мен бірге бүлдіршіннің тілегін орындауға тырыстық. Нұрасылдың полицей болуды армандайтынын оның суреттері мен шығармасынан білгенбіз. Балақай суреттерінде патрулдік көлік пен жезлді бейнелеген", — дейді Қабдылова телефон арқылы.
Оның айтуынша, қыдыруға көп уақыт кетпеген – шамамен 20 минут, себебі балақай сырқатына байланысты көшеде ұзақ жүре алмайды.
Елордалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жұма күні таңертең бірнеше полицей ауруханада баланы қарсы алып, патрульдік көлікпен қала көшелерін аралатқан. Содан кейін Бәйтеректі көрсетіп, жезл сыйға тартыпты.
"Тәртіп сақшыларымен кездесуге бүлдіршін арнайы тігілген полицей формасын киіп шықты. Қызметкерлеріміз балаға патрульдік көліктің қалай жұмыс істейтінін, жарықтардың қалай қосылатынын, бір-біріне хабарды қалай тарататынын көрсетті. Балақайдың қуанышында шек жоқ еді", — дейді баспасөз қызметіндегілер.