ШҚО-да 2017 жылдың алғашқы жартыжылдығында өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда тіркелген қылмыс саны 15 пайызға азайған. Бұл жөнінде облыстық ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Жанарбек Бақтыбаев тұрғындар мен консультативтік-кеңес органы мүшелерінің алдындағы есеп беруі кезінде мәлім етті, деп хабарлайды altaynews.kz.
Облыста биылғы алты айда 12 мыңнан аса қылмыс тіркелген. Департамент бастығының айтуынша, Шығыс Қазақстан жасалған қылмыстар саны жағынан Алматы, Астана қалаларынан, Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарынан кейінгі бесінші орында тұр.
Ауыр және аса ауыр қылмыстар саны 16 пайызға төмендегені байқалады. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстардың тиімділігі жоғарылаған. Нәтижесінде, өткен жылмен салыстырғанда қоғамдық орындардағы қылмыс 13 пайызға кеміген.
Жыл басынан аймақ полицейлері 370 келі есірткі тәркілеп, 173 есірткі қылмысын анықтаған. Оның 143-і — өткізу фактісі.
"Негізінен алғанда, облыс полицейлері ауқымды жұмыс атқарды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде облыс аумағындағы криминогендік ахуал тұрақты және құқық қорғау органдарының толық бақылауында", — деп атап өтті ІІД бастығы Жанарбек Бақтыбаев.