Ауырып қалған азаматтарға жалақы 15 АЕК мөлшерінде ғана төленеді

1773

Коронавиурс инфекциясын жұқтырғаны анықталып, 14 күнге оқшауланған қызметкерлерге еңбекке жарамсыздық парағы бойынша төленетін өтемақының мөлшерін ұлғайту мәселесі қарастырылып жатыр.  

Ауырып қалған азаматтарға жалақы 15 АЕК мөлшерінде ғана төленеді

Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Халықтың әлеуметтік-эпидемиологиялық әл-ауқаты бойынша заңнама талабы бар екені түсінікті. Бұл заңнама қызметкер инфекция жұқтырса, сырқаттану қаупін барынша азайтуға мүмкіндік береді. Бірақ еңбек қатынасы тұрғысынан бұл талап жұмыс берушіні де, қызметкерді де шектемейді. Мысалы, адам карантинде болса да, өз қызметін қашықтан іске асыра алады. Биыл парламент пен үкімет ел басшылығының тапсырмасы бойынша қашықтан жұмыс істеуді регламенттейтін жеке заң қабылдады. Сондықтан тараптар келісіп жатса, оқшауланған қызметкер қашықтан жұмыс істей алады. Ал денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыздық парағын ашқан болса, жалақы 15 АЕК мөлшерінде шектеледі. Бұдан артық ақша төленбейді", – деді бірінші вице-министр.

Сөз арасында Ақмәди Сарбасов көпбалалы отбасының асыраушысы оқшауланса, мемлекеттен қандай көмек көрсетілетінін айтты.

"Көпбалалы отбасыда туындауы мүмкін әлеуметтік тәуекелге келетін болсақ, мемлекет тарапынан барлық әлеуметтік төлем толық көлемде төленіп отыр. Олар шектеуге байланысты жоғалтқан табысына қарамастан, көпбалалы отбасы ретінде түрлі көмек алады", – деді ол.

Министрдің орынбасары қашықтан жұмыс істеген қызметкердің айлығы қысқартылмайтынын жеткізді.

"Қызметкер өз үйінде оқшауланса, қашықтан жұмыс істей алады. Оның жалақысына ешқандай шектеу қойылмайды. Ал еңбекке жарамсыздық парағы ашылса, еңбекақысының 20% ғана төленеді. Қолданыстағы еңбек стандарты бойынша, адам ауырып қалса, оған 43 мың теңге мөлшерінде жалақы төленеді. Бұл мөлшер қызметкердің орташа табысына сәйкес келмейді. Сондықтан мәселе сараптамалық топ шеңберінде жұмыс берушілермен бірлесіп, қалыптасқан эпидемиологиялық жағдай шеңберінде оны ұлғайту тұрғысынан қарастырылып жатыр", – деді Ақмәди Сарбасов.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу