"Ауырып жатқан баланы таксиге салып жіберген": Жеті айлық ұлынан айырылған әке дәрігерлерді жазаға тарта алмай жүр

847

Оның сөзінше, екі мәрте ота жасалған жалғыз ұлына медицина мамандары дер кезінде көмек көрсетпеген.   

"Ауырып жатқан баланы таксиге салып жіберген": Жеті айлық ұлынан айырылған әке дәрігерлерді жазаға тарта алмай жүр Фото: canva.com

Тіпті санавиация шақыртудың орнына баланы таксимен тасымалдаған.

Ақтөбе облысында жеті айлық ұлынан айырылған әке екі жарым айдан бері аудандық дәрігерлерді жазаға тарта алмай жүр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап. 

Екі жарым ай бұрын Арман Жұбанышев жеті айлық баласынан айырылды. Бершүгір ауылының тұрғыны бұған дәрігерлердің салғырттығы себеп болды дейді. Айтуынша, сәбидің тоқ ішегіне екі рет ота жасалыпты. Көп ұзамай баланың қызуы көтеріліп, денсаулығы нашарлаған екен. Бірақ сол сәтте дәрігерлер науқасты әрлі-берлі тасып, уақыт жоғалтып алды дейді әкесі.

“25-і таңда “баланың жағдайы ауыр, Ақтөбеге алып кетеміз” деді. Келіншегім екеуін таксиге отырғызды. Санавиация шақырмады, я пойызға мінгізбей, таксиге салып жібереді. Сол күні балама бір-ақ дәрі береді, басқа көмек көрсетілмеді. Бершүгірге жетпей бала оянады. Қан кетіп, кіші дәрет жүрмей қалады”, – деді нәрестенің әкесі Арман Жұбанышев. 

Баланың жағдайы нашарлаған соң ақ халаттылар орта жолдағы Ембі аудандық ауруханасына тоқтаған. Алайда емдеу мекемесінде де медициналық көмек дұрыс көрсетілмеді. Ашынған әке шу шығарған соң ғана санавиация келген. 

“Менің балам жерде жатыр. Олар орнында отыр. Шалқар мен Ембінің бас дәрігерлері балаға көмек көрсетпегені үшін жазаға тартылсын”, – деді Жұбанышев.

Қайғылы оқиғадан кейін облыстық медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті аудан дәрігерлері балаға дұрыс диагноз қоймай, тиісті ем жүргізілмегенін анықтаған.

“Тексерістің қорытындысына сәйкес, Шалқар аудандық ауруханасына, сонымен қатар Ембі ауруханасының бас дәрігерлеріне жіберілген қателіктері бойынша шаралар қолданылды”, – деп мәлімдеді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Әлия Шарбақова.

Дәрігерлердің айтуынша, бала шала туған екен, сонымен қатар бірнеше патологиялық ақаулармен дүниеге келген. Осы себептердің де әсерінен денсаулық жағдайы нашарлап кеткен.

Отбасы мүшелері дәрігерлердің тек сөгіс алғанына қанағаттанбай, полицияға арыз жазыпты. Қазір "медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы" бабы бойынша іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу