Австралия Ресейдің 39 азаматына қарсы санкциялар енгізді, деп хабарлайды inbusiness.kz елдің Сыртқы істер министрі Марис Пейннің мәлімдемесіне сілтеме жасап.
Шектеулер Сергей Магнитский әшкерелеген сыбайлас жемқорлық қылмысына, сондай-ақ оның өліміне қатысы бар адамдарға салынады. Санкция бойынша олардың жеке шоттары бұғатталады.
18 наурызда ресми Канберра австралиялық компаниялардың активтері мен акцияларына ие екі ресейлік кәсіпкерге, Ресей Федерациясының 11 банкіне қарсы санкциялар енгізетінін жариялады. Ресейдің егемендік борышын басқаруға жауапты барлық мемлекеттік құрылымдар да санкцияларға ұшырады. Кейін ел үкіметі Ресейге алюминий мен бокситтерді экспорттауға тыйым салды.
Сергей Магнитский 2009 жылдың қараша айында Мәскеудегі тергеу изоляторында қайтыс болған. 2008 жылы ол алаяқтық жасады деген айыппен қамауға алынды. Магнитскийдің жақтастарының айтуынша, оның өліміне түрме қызметкерлерінің оған медициналық көмек көрсетуден бас тартуы себеп болған.
Табиғат Нұрболат