Австралия 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіні пайдалануға тыйым салады. Елдің депутаттары тиісті заңды қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ата-аналардың басым көпшілігі осындай тыйымды қолдап отыр. Алайда заңға сыни көзбен қарайтын азаматтар құжаттағы нормалардың орындалуына тиісті бақылау жеткіліксіз бола ма деп күмәнмен қарайды. Сарапшылар әлеуметтік желілерге қатысты тыйымды VPN көмегімен айналып өтуге болады деп отыр. Бұдан бөлек желілерге тіркелуге болмайды деген талапты орындамағандарға заңмен жаза қарастырылмаған.
Тиісті заң бір жылдан кейін күшіне енеді деп күтіліп отыр. Тыйым салуды бұзған әлеуметтік желілерге иелік ететін компаниялар 50 миллион австралиялық долларға дейін айыппұл арқалайды.
Министр Мишель Роулэнд тиісті тыйым Snapchat, TikTok, Facebook, Instagram, X әлеуметтік желілеріне қатысты болатынын айтты. Бұл шектеулер ойын сайттары мен мессенджерлерге, тіркеуді қажет етпейтін платформаларға қатысты емес.
Австралияның Премьер-министрі Энтони Албанезенің сөзінше, бұл заң жастарды әлеуметтік желілердің қауіп-қатерінен қорғау мақсатында қажет.