Ақтөбеде автобус өртіне қатысты сот отырысы кезінде сотталушы Барат Таңатовтан жауап алынды. Ол автобус бар болғаны 10-15 минутта жанып кеткенін, жанған кезде ішіндегі адамдар айқайлағанын айтып берді, деп хабарлайды Aktobenews.kz.
Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Нұржан Қырғызбаев, Мақсат Пернебеков, Барат Таңатов, Нұрлыбек Тілепбаев, Бахадүр Пердебаевтартарға қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгін сотталушы Барат Таңатовтан жауап алынды.
"Мен салонда ұйықтап жаттым. Іште "паяльник" жанып тұрған кезде ояндым. Кімнің жаққанын, қашан алып келгенін білмеймін. Негізі Мақсат Пернебеков "тоңсаңдар көліктің ескі доңғалағын жағыңдар" деп шығарып берді. Оянып, далаға шығып кеткен соң салондағы "паяльниктің" қасына отырдым, сырттан Нұржан Қырғызбаев келді. Сол кезде "мен отырайын, тоңдым" деді. Мен тұрып кеттім. Сол кезде қарсы бағытта бір автобустың тоқтағанын біліп, мен шығып кеттім. Өзге автобустың жүргізушілерімен сөйлесіп тұрғанда алдымен Нұржан Қырғызбаев шықты. 5-6 метр жерге жеткенде бір адамның балағы өртенгенін көрдік. Содан автобустың ішіндегі өрт сөндіру құралын алдым. Ол істемейді. Қарап тұрмай автобустың терезесіне лақтырып, секіруін сұрадым. Ішінде адамдар айқайлап жатты, бірақ ешкім секірмеді", — деді сотталушы Барат Таңатов.
Сотталушы бірнеше рет автобус рөліне отырғанымен, ол бұл сапарда жолаушы ретінде жолға шыққанын айтып берді. Алдымен Қазанға барып, кейін Нижний Новгородтан көлік сатып алмақ болады. Танысы М.Пернебековтың өтінішінен соң автобус айдап, оған көмектескенін хабарлады. Сол күні оның көлік аламын деген ақшасы түгел жанып кеткен.
"Алдыңғы есік ашық болды. Есіктен кіріп, адамдарды алып шығу мүмкін болмады. Күн де аяз еді", — деді Барат Таңатов.
Еске салсақ, қазір Қылмыстық кодекстің "Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу", "Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу", "Міндеттеріне адал қарамау", "Көлiк құралдарын сапасыз жөндеу немесе оларды техникалық ақауларымен пайдалануға шығару" баптарымен үш жүргізуші және механик, құрылтайшы айыпталып жатыр. Үш жүргізуші ауруханадан қамауға алынса, өзге екеуі кепілдікпен бостандықта жүр.