Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай елордада автобус апатынан кейін екі аяғынан айырылған оқушы қызға көрсетілетін көмек туралы айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Тиісті оңалту және медициналық көмек көрсету шаралары аяқталып, мүгедектік тағайындалғаннан кейін, республикалық бюджеттен мемлекеттік жәрдемақы төленетін болады. Анасына көрсетілетін қолдауға келсек, оған мүгедек баланың күтімі бойынша жәрдемақы тағайындалуы мүмкін", – деді вице-министр Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.
Айта кету керек, Астанада автобус бағанаға соғылып, 8 жастағы қыз екі аяғынан айырылғанын жазған едік. Қыз баланың отбасына автобус паркінің сақтандыру полисі есебінен 19,6 млн теңге берілетін болды. Оқушы қыздың отбасына 4 бөлмелі пәтер берілді.