Автобус паркі небәрі 170 млн теңгеге сатылды

795

Бастапқы бағасы шамамен 700 млн теңге болған еді.

Автобус паркі небәрі 170 млн теңгеге сатылды

Павлодар қаласындағы №1 Автобус паркі жекешелендіру аясында "Семей Транс Сервис" ЖШС-інің басқаруына өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"№1 Автобус паркі" ЖШС толығымен мемлекет меншігіндегі мекеме болғандықтан Үкіметтің 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспары тізіміне енген болатын. Сондықтан осы жылдың 31 тамызында мемлекеттік сатылымға қойылды. Сол тұста тәуелсіз бағалау нәтижесі бойынша бастапқы бағасы 672,9 млн теңге болып белгіленген еді. Бірақ жолаушылар таситын кәсіпорынды мұндай бағаға сатып алатын инвестор болған жоқ.

Сондықтан 22 қыркүйек күні тағы да gosreestr порталына қойылды. Бұл жолы бағасы екі есеге арзандады. Бірақ сонда да конкурсқа қатысуға ешкім өтініш берген жоқ.

21 қазан күні мемлекеттік конкурс үшінші рет ұйымдастырылды. Бұл кезде бастапқы баға ретінде 168 млн 234 мың теңге белгіленді. Кепілдік жарна 87 млн 510 мың теңгені құрады.

Электронды тендер нәтижесі бойынша павлодарлық кәсіпорынды "Семей Транс Сервис" ЖШС 170 млн теңгеге сатып алды. Сондай-ақ семейлік компания №1 автобус паркінің қоғамдық көліктерді сатып алу үшін алған 1,6 млрд теңге несиесін өтеуі тиіс. Бұған дейін бұл сомадағы қарыз жергілікті бюджет есебінен өтеледі деп жоспарланған еді. Жаңа қожайынға қойылған тағы бір талап – 10 жыл аралығында кәсіпорынның қызмет көрсету бағытын өзгертуге болмайды.

Павлодар қаласы әкімдігінің мәліметі бойынша, бүгінде №1 Автобус паркінде барлығы 99 автобус пен 95 қызметкер бар.

Еске сала кетейік, бұл павлодарлық автобустардың алғаш рет жекенің қолуына өтуі емес. Осыдан 6 жыл бұрын "Қазақстандық құрылыс тобы" компаниясы автобус паркін 1,1 млрд теңгеге сатып алып, қаржылық қиындықтарға байланысты жарты жылдан соң қайтадан мемлекетке қайтарып берген еді.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу