Алматыдағы қоғамдық көліктің бірінде жас қызды қорлаған ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп жазады inbusiness.kz.
Қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ұсақ бұзақылық дерегі бойынша әкімшілік іс қаралды.
Белгілі болғандай, оқиға биылғы қазан айында болған. Мегаполистегі №118 бағдардағы автобус салонында ер адам Д. есімді жолаушыға балағат сөз айтып, құрметсіздік танытып, қорлаған. Құқық бұзушы сот отырысында жасаған ісіне өкініш білдірді.
"Сот қаулысымен ер адам ӘҚБтК-нің 434-бабының 1 бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 48300 теңге көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жаза тағайындалды", - делінген қалалық сот таратқан хабарламада.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.