Бүгін, яғни 16 қазан күні облысқа 504 тонна сұйытылған газ келеді деп жоспарланған. Жауаптылардың айтуынша, министрлік ай сайын Қызылорда облысына 7-8 мың тонна СМГ бөліп отыр, ал негізгі қажеттілік бұдан екі есеге көп екен. Соңғы жылы облыста сұйытылған мұнай газын сатумен айналысатын кәсіпкерлік субъектілерінің саны да екі есеге өскен, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
- Министрлік тарапынан жеткізу жоспары бойынша Қызылорда облысы үшін ай сайын 7-8 мың тонна СМГ бөлінуде. Алайда бүгінгі күні облыстың қажеттілігі 15-16 мың тоннаны құрайды. Осыған байланысты, жоспардан тыс өндірілген қосымша газ көлемін біздің облысқа бөлу жөнінде ҚР МЭ облыстық кәсіпкерлік басқармасы тарапынан хат жолдануда. Сондай-ақ, осы жылдың 16 қазанында "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" ЖШС-нен 504 тонна сұйытылған мұнай газы күтілуде. Уақытша болған қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауға шақырамыз, - деп хабарлады "Ашық Қызылорда" парақшасы.
Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының баспасөз қызметі бұл бағытта күнделікті мониторинг жұмыстары жүргізіліп, тұрақты бақылауда екендігін айтады.
Басқарма мәліметінше, арнайы бұйрыққа сәйкес, мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағалары бар, сол бойынша сатылуда. Сондай-ақ, жауапты мекеменің газ дайындау қондырғысында термиялық май жүйесін толық ауыстыруға байланысты қазан айына бекітілген сұйытылған мұнай газды жеткізу жоспары 529 тоннаға қысқартылған. Сондықтан, облыстың кейбір автогаз құю бекеттері талон арқылы және уақытша шектеумен сатуға мәжбүр болған.
- Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту Агенттігі төрағасының 2022 жылғы 5 шілдедегі №16 бұйрығына сәйкес Қызылорда облысының аумағындағы автогаз құю станцияларында автокөлікке жанармай құю үшін сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағалары бекітілген:
- Шалғайдағы аудандарды қоспағанда, шекті бөлшек сауда бағасы - 1 литр үшін 64 теңге;
- Облыс орталығынан шалғайдағы аудандар (200 километрден астам) үшін шекті бөлшек сауда бағасы - 1 литр үшін 69 теңге.
Министрлік тарапынан жеткізу жоспары бойынша Қызылорда облысына айына орташа есеппен 6-7 мың тоннаға жуық газ бөлініп келеді.
Атап өту қажет, "Қазгермұнай" БК" мекемесінде газ дайындау қондырғысында термиялық май жүйесін толық ауыстыруға байланысты, бұған дейін қазан айына бекітілген сұйытылған мұнай газды жеткізу жоспарынан қазіргі таңда 529 тоннаға қысқартылды.
Осы себепті, облыс аумағындағы газ желісі ұйымдары тұтынушыларға толық көлемде газ жеткізу мақсатында облыстың кейбір автогаз құю бекеттерінде талон арқылы және уақытша шектеумен сатуды орнатты.
Осы жылдың қараша айына бекітілген сұйытылған мұнай газ көлемі қазан айынан 19%-ға артық бөлінді. Яғни, газ желісі ұйымдарының мәліметіне сәйкес, қазіргі таңдағы болған шектеулер қараша айында қалпына келтірілетін болады.
Сонымен қатар, облыс аумағында сұйытылған мұнай газдың бөлшек саудада өткізілуі жоғарыда көрсетілген бұйрыққа сәйкес бағамен тұтынушыларға сатылады. Яғни, газ бағасы қымбаттамайды, дейді басқарма мамандары.
Әлеуметтік желіде көлік жүргізушілері автогаздың тапшылығын жиі-жиі мәселе етіп көтеріп жатыр. Ал, жауаптылар мұның уақытша екенін, алдағы айда бәрі қалыпқа келетінін ескертуде.