Автокеруен Астанаға жол тартты

1013

Автокеруен Астанаға жол тартты

Жетісу жерінде өсірілген ауылшаруашылық өнімдерінің алғашқы автокеруені Астанаға аттанды, деп хабарлайды abctv.kz.

Жергілікті диқандар мен өндірушілер өндірген көкөністер мен жеміс-жидек, сүт пен ет өнімдері тиелген жүк көліктері елорда тұрғындары мен қонақтары үшін айрықша тарту сыйламақ.

Бұл өнімдер маусым айының 17-18 күндері "Қазақстан" спорт кешенінің маңында өткізілетін ауылшаруашылық жәрмеңкесінде астаналықтарға ұсынылады.

Естеріңізге сала кетсек, жәрмеңкеге облыстың 16 ауданы мен 3 қаласындағы өнім өндірушілері 3 мың тонна өнім апара жатыр. Оның 1200 тоннасы көкөніс, 500 тоннасы жеміс-жидек, 20 тоннасы бал болса, қалған 470 тонна басқа да өнімдер. Сонымен қатар, қазірдің өзінде елордада жұмыс істеп жатқан алты дистрибьютерлік бөлімше 400 тоннадан астам ауылшаруашылық өнімін ұсынады.

"Негізінен бұл жолғы жәрмеңкеге көкөністер мен жеміс-жидектерді көбірек жіберіп отырмыз. Өйткені, біздің аймақтың өнімдері күллі республикаға танымал", – дейді облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Сексембай Бекішов.

Жәрмеңке халықаралық ЭКСПО – 2017 көрмесіне орай ұйымдастырылғандықтан мемлекет астанасына жаңа піскен жеміс-жидектер мен бақша дақылдары, қазы-қарта, шұжықтар мен ірімшіктер, балық пен ет, сүт өнімдері мен бал сынды экологиялық таза өнімдер шетелдік қонақтардың алдындағы қонақжайлығымызды асыра түспек.

"Жетісулық өндірушілердің өнімдерін астаналықтар қызыға сатып алады. Айталық, өткен жылы күздегі азық-түлік жәрмеңкесіне ет өнімдеріміз жетпей қалды. Сондықтан бұл жолы Ақсу, Ескелді, Қаратал және Көксу аудандарында өндірілген экологиялық таза өнімдер – көкөніс пен жеміс-жидек, сүзбе мен ірімшік, сүт пен май, ет молынан іріктеліп алынды", – дейді басқарма басшысы.

Астананың кірпияз тұрғындары тауардың сапасына ерекше мән береді. Сондықтан жәрмеңкеге жіберілген өнімдер алдын-ала санитарлық-эпидемиялогиялық мекеме мамандары тарапынан тексеруден өтіп, арнайы дайындалған қоймаларға сақтауға қойылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу