Автокөліктерге кедендік әкелу баждарының мөлшерлемесі көтерілген жоқ – МКК

860

Әлеуметтік желілерде Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген автокөліктерді кедендік тазартудан өткізу үшін кедендік баж мөлшерлемесінің ұлғайтылғаны туралы ақпарат таралуда. ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті  бұл ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Автокөліктерге кедендік әкелу баждарының мөлшерлемесі көтерілген жоқ – МКК

“Кеден бажының ставкалары Еуразиялық экономикалық комиссиямен белгіленеді (ЕЭК Кеңесінің 2021 жылғы 14 қыркүйектегі № 80 шешімі) және бұл ставкалар Қазақстан Республикасы үшін міндетті болып табылады. Жеңіл автокөліктерге арналған баждың ставкалары 2022 жылы өзгеріссіз қалды. Керісінше, Еуразиялық экономикалық одақ Кеңесінің 2022 жылғы 17 наурыздағы № 39 шешімімен тиісті құжаттар ұсынылған жағдайда электромобильдерді баж мөлшерлемесінің 15%-ынан босату түріндегі жеңілдік берілді. Ұсынылатын құжат түрі ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен белгіленеді ”, – деп жазылған хабарламада. 

2022 жылғы 5 сәуірдегі № 46 шешімімен дайын өнімді өндіруге арналған шикізат және материалдар (фармация, тамақ өнеркәсібі) сияқты тауарлардың жекелеген санаттарына кедендік әкелу бажының 0% мөлшерлемесі енгізілді.

Сонымен қатар, тауарлардың кедендік құны ЕАЭО Кеден кодексінің 5-тарауына (тауарлардың кедендік құнын айқындаудың алты әдісі) және Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2018 жылғы 27 наурыздағы № 42 "Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарлардың кедендік құнына кедендік бақылау жүргізудің ерекшеліктері туралы" шешіміне сәйкес айқындалады.

“Автокөліктерді сатып алу кезінде азаматтарға аумақтық мемлекеттік кірістер департаменттеріне барып, кедендік тазартудан өткізуге кеңес беріледі. Заңсыз іс-әрекеттер фактілері және шағымдану үшін басқа да негіздер болған жағдайда, 14-14 қысқа нөміріне немесе 8-7172-71-81-71 нөміріне хабарлауға болады. Сонымен қатар, утилизациялық алым мен кедендік баж бір-біріне ұқсамайтын екі бөлек алым және бір-бірін алмастыра алмайтынын ескеру қажет”, – деп жазылған хабарламада. 

Қазақстан Республикасындағы тарифтік саясат шаралары (кеден бажының мөлшерлемелерін  әзірлеу) ҚР Сауда және интеграция министрлігінің құзыретіне, ал утилизациялық алымның мөлшерлемелерін бекіту ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің құзыретіне жататынын ақпарат ретінде жеткіземіз.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу