II тоқсанда барлық бөлшек несие өнімдеріне сұраныс артты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Есепті тоқсанда ипотекалық қарыздарға сұраныстың өсуіне мемлекеттік ипотекалық несиелеу бағдарламасына өтінім жинау мен құрылысшылар субсидиялайтын серіктестік бағдарламалардың іске қосылуы әсер етті. Ипотекалық қарыздар бойынша жалпы өтінім саны тоқсандық мәнде өзгермей, 242 мыңды құрады, ал олардың орташа мөлшері 5%-ға (т/т) өсіп, 17,4 млн теңгеге жетті.
– Кепілмен берілетін тұтынушылық несиелерге де сұраныс артты. Бұл өнімге түскен өтінімдер саны 2% (т/т) өсіп, 52 мыңға жетті, ал орташа өтінім мөлшері 17% (т/т) өсіп, 15 млн теңгені құрады, – делінген ресми хабарламада.
Ұзақ уақытқа созылған төмендеу үрдісінен кейін, 2025 жылдың II тоқсанында кепілсіз несиелерге сұраныс аздап артты. Сонымен бірге, жекелеген ірі және орта банктер кепілсіз қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемелерін қатаңдатты, бұл осы сегменттегі сұраныстың өсуін шектеді. Осылайша, бұл сегменттегі жалпы өтінім саны өзгермей, 18,3 млн болды, ал орташа өтінім мөлшері 10% (т/т) өсіп, 1131 мың теңгені құрады.
– Автонесиеге сұраныс үздіксіз өсіп келеді. Бұл өз кезегінде кейбір банктердің автосалонмен серіктестік бағдарламаларды іске қосуымен, аталған автонесиелерді ішінара субсидиялауымен және жекелеген банктердің осы бағдарламалар бойынша серіктестер тізімін кеңейтуімен түсіндіріледі. Автонесие бойынша өтінімдер саны 16% (т/т) өсіп, 1,6 млн-ға жетті, ал орташа өтінім мөлшері 8% (т/т) төмендеп, 7,25 млн теңгені құрады, – деп хабарлады Ұлттық банк.
Мақұлдану коэффициенті ипотекалық өнімдер бойынша 5 п.п. (т/т) өсіп – 29%-ды, кепілмен берілетін тұтынушылық несиелер бойынша 9 п.т. (т/т) өсіп – 45%-ды, кепілсіз қарыз бойынша 1 п.т. (т/т) өсіп – 32%-ды және автонесие бойынша 4 п.т. (т/т) өсіп – 19%-ды құрады.
2025 жылдың III тоқсанында банктер кепілмен берілетін тұтынушылық несие мен автонесиеге сұраныс аздап өседі деп күтеді. Сонымен қатар, банктердің пікірінше, ипотекалық қарыздар мен кепілсіз тұтынушылық несиеге сұраныс біршама төмендеуі мүмкін.