Автоөндірістің күмәнді статистикасы: Сарапшы Санжар Боқаев қоғамнан қолдау сұрайды

1354

Танымал сарапшы Санжар Боқаевтың бұған дейін елдегі автокөлік өндірушілерді қатты сынағаны белгілі. Автоөндірушілер оған жауап беріп, Боқаевтың өзін өндіріс алаңына шақырған еді. Сарапшы ұсынысқа келісіп, зауыттарды аралап, өндірістің кейбірінің өтірігін әшкереледі, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Автоөндірістің күмәнді статистикасы: Сарапшы Санжар Боқаев қоғамнан қолдау сұрайды

Санжар Боқаев бұл туралы Facebook парақшасында шағын видео жариялады. Оның айтуынша, Үкіметтің ресми сайтында Қазақстан танымал 22 марка бойынша көліктің 167 моделін шығаратыны туралы ақпарат жарияланған. Шу осыдан шықса керек. Автоөндірушілер бірінен соң бірі Боқаевты өздеріне шақыра бастайды.

Сол зауыттардың бірі Жамбыл облысы Қордай ауданы Ауқатты ауылында орналасқан. Ауқаттыға барған Боқаев ауқатты өндірісті байқамапты. Тіпті сондағы бірнеше қызметкер сарапшыға тап беріп, қолын қайырмақ болған көрінеді.

Боқаев осыдан кейін Қарағанды облысының "шақыртуын" қабыл алыпты. Әйтсе де оны Саран қаласындағы жаңа зауытқа күзетшілер кіргізбей қойған.

"Үкіметтің сайтында неліктен жалған ақпарат жарияланады? 167 модель емес, 67 дей салса болмай ма? Ондағы ақпаратта "Қазақстандағы автокөлік өндірісінің саймандарының 50 пайызы өзімізде өндіріледі" десе, ол да өтірік. Локализацияның бар-жоғы 5 пайыз екенін мойындай салайық. Алдаудың не керегі бар? Мен өтірікпен күрескім келеді. Сіздерден өтінерім, мені қолдаңыздаршы. Мәселе күн тәртібінен түспейді. Аталмыш мәселе бойынша Үкіметке тағы жүгінсем деймін. Өз қалтамнан бүкіл өңірді аралап, санап шыққым келеді. Арандатудың бәріне дайынмын!" - дейді ол.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу