Kazlogistics Қазақстан көлік қызметкерлері одағы өкілдерінің айтуынша автопарктерге қажетті мөлшерде субсидиялар жетпей жатыр, деп жазды inbusiness.kz.
"Алматыда субсидия көлемін ұлғайту жоспарлануда, аймақтарда бөлінген қаржы көлік парктерінің шығынын өтей алмайды. Облысаралық және халықаралық тасымалдауды қалпына келтіру мәселесін шешу қажет. Бұлай жалғаса берсе автокөлік кәсіпорындары шығынға ұшырайды", – деді Көлік қызметкерлері одағы бас директорының орынбасары Болат Алдабергенов.
Өңірдегі автотұрақтардың да жағдайы мәз емес. 2020 жылдың 16 наурызынан бүгінгі күнге дейін халықаралық, облысаралық тасымалдаулар тоқтатылды. 38 автовокзалдың қызметі тоқтатылды. Бұл заңсыз тасымалдаушылардың қызметінің кеңеюіне түрткі болды.
"Соның салдарынан жолдарда адам өлімі көбейіп, заңға бағынатын кәсіпкерлер банкротқа ұшырап, бюджетке салық түспей жатыр", – деді спикер.
Сонымен қатар сала өкілдері Алматы мен Ақтөбе облыстары тасымалдаушылардың шығынын субсидиялауға мүлде қаржы бөлмейтінін айтты. Дәл осындай жағдай Қостанай облысында да бар.
"Жуырда автокөлiк қауымдастықтарының, облыс әкiмдерi орынбасарларының қатысуымен қалалық жолаушылар тасымалын субсидиялау және автопарктердi жаңарту жөнiндегi кеңес өткiзiледi", – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрi Берiк Қамалиев сала өкілдері қатысқан жиында.