"Автотұраққа таласқан": Алматыда көршілердің жанжалы адам өлімімен аяқталды

37 жастағы Данил Щетников пышақ жарақатынан соң, бір аптаға жуық жансақтау бөлімінде жатқан.

"Автотұраққа таласқан": Алматыда көршілердің жанжалы адам өлімімен аяқталды Фото: Бейнежазбадан

КТК телеарнасының мәліметінше, марқұмның артында 8 жастағы ұлы мен жүкті әйелі қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Жайсыз оқиға 4 қазан күні кешкі сағат 21:00 шамасында болған. Алдын ала мәліметке сай, Данил Щетников көршісінен көлігін ауладан алып қоюды сұраған. Дегенімен, екі тарап ортақ шешімге келіспей, сөз таласы төбелеске ұласқан. 

Марқұмның туыстары жанжал кезінде көршісі көмекке достары мен туыстарын шақырғанын айтады. Көп ұзамай оқиға орнына екі көлікпен 4-5 адам келген. Туыстарының болжамынша, солардың бірі Данилдің мойын тұсына пышақ сұққан болуы ықтимал. 

Ер адам жедел түрде ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылған. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалуға қанша тырысса да, бір аптаға жуық уақыттан кейін ол жан тапсырды. 

Марқұмның артында 8 жастағы ұлы мен жүкті әйелі қалды. Жақындарының сөзінше, жанжал кезінде оның көлігі де бүлінген. Оқиға ауладағы бейнебақылау камераларына таспаланған.

Алматы қалалық полиция департаменті күдікті оқиға болған күні ұсталып, қамауға алынғанын мәлім етті. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша Әуезов аудандық полиция басқармасы қылмыстық істі тергеп жатыр.

Марқұмның туыстары мен достары істің Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы, яғни "Адам өлтіру" бабы бойынша қаралуын талап етіп отыр. Сондай-ақ, олар жанжалға қатысы бар барлық адамның әрекетіне құқықтық баға беріліп, кінәлілердің заң алдында жауапқа тартылғанын қалайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу