Сала өкілдері мердігер тек жолдың құрылысымен ғана айналыспай, сонымен бірге оны күтіп ұстаса, жауапкершілігі арта түседі деп есептейді.
Қазақстан автожолшылар қауымдастығының президенті Бағлан Баймағамбетовтің айтуынша, автожол жобаларына бюджеттен қаражаттың бөлінуі ұзаққа созылады. Сәйкесінше, жобалық-сметалық құжаттамадағы көрсетілген материал мен жұмыс құны шарықтап, құрылыс басталғанша ұсынылған бағалар күрт өседі. Мысалы құжаттама әзірлегенде битумның бағасы 80 мың теңге болса, құрылыс маусымында ол 180-200 мың теңгеге дейін шарықтап кетеді. Себебі саудагерлер бұл материалды ерте сатып алады да, кейіннен екі-үш есе қымбаттатып сатады.
Мердігерлердің мәселесін шешу үшін Қазақстан автожолшылар қауымдастығының өкілі 2023-2040 жылдарға дейін жүзеге асырылатын Ұлттық бағдарлама әзірлеу қажеттігін алға тартты.