Аягөз қаласындағы көшенің бірінде көлік қозғалысына рұқсат етілген жылдамдық сағатына 60 км болғанына қарамастан, автоматты тіркеу кешенінің баптауында шекті жылдамдық 40 км/сағ ретінде қате белгіленгені анықталды, деп жазады inbusiness.kz сайты Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Осының салдарынан 172 азамат әкімшілік жауапқа заңсыз тартылған.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша заңсыз шығарылған қаулылардың барлығының күші жойылды. Қазіргі таңда көлік иелері төлеген 800 мың теңгеден астам қаражат қайтарылды. Қаражатты қайтару жұмысы әлі аяқталмады.
Абай облысының прокуратурасы азаматтарға әкімшілік жауапқа заңсыз тарту фактісі анықталған жағдайда, өз құқығын қалпына келтіру үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға немесе прокуратураға жүгінуге құқылы екенін хабарлады.