Аягөзден Шәуешекке теміржол салынуы мүмкін

1828

Аягөзден Шәуешекке теміржол салынуы мүмкін

Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономды ауданы Тачэн (Шәуешек) округінің ресми делегациясы ШҚО-да жұмыс сапарымен болды. Топты ШҰАА Тарбағатай округі партия комитеті хатшысының орынбасары Ян Цзюньшэн бастап келді, деп хабарлайды kaz.altaynews.kz.

Қытайлықтар Алакөлдің туристік әлеуетімен танысу мақсатында жағалаудағы демалыс базаларында болды. Сондай-ақ, Глубокое ауданындағы Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығына, Ұлан ауданындағы құс фабрикасына, Өскемендегі роботты хирургия орталығына, Үлбі металлургиялық зауытына және өлкетану мұражайына барып, жұмыстарымен танысты.

Бұдан соң делегация облыс әкімі Даниал Ахметовтің қабылдауында болды. Кездесу барысында тараптар шекаралық сауда аумағын дамыту, Тачэн – Аягөз теміржолын салу, туризмді өркендету, медицина саласында ынтымақтастық орнату сынды мәселелерді талқылады.

Қытай жағы облыстың ауыл шаруашылық өнімдеріне қызығушылық танытып отыр. Өскеменде сертификаттау зертханасы ашылмақ, аталмыш мекеме өнімдерімізді Қытайға экспорттауға мол мүмкіндік туғызатын болады.

"Әріптестіктің ең бір маңызды саласы – туризм. Атап айтсақ, қытайлық азаматтардың Алакөл жағасында демалғанын қалаймыз. Біз Алакөлде болып, табиғатының ерекше сұлулығына, суы мен балшығының емдік қасиеттеріне куә болдық", – деді делегация басшысы.

Кездесу соңында аймақ басшысы облыс делагациясының Тачэн округіне тәжірибе алмасу және танысу мақсатындағы іссапары көзделіп отырғанын жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу