"Аяла" қоры халықаралық байланысты нығайтты

253

Алматыға Пусан ұлттық университетінің ауруханасынан делегация келді.

"Аяла" қоры халықаралық байланысты нығайтты Фото: Аяла қоры

Дәрігерлермен тәжірибе алмасу және науқастарды диагностикадан өткізу. Құрамында ортопед, акушер-гинеколог, сондай-ақ Корея медициналық мекемесінің бас дәрігері Джон Сон Ун бар. Олар мегаполистегі бірқатар ауруханада кездесулер өткізіп, науқастарды қабылдап, кеңестерін берді. Ал бұл іс-шараның өтуіне "Аяла" қайырымдылық қоры себепші болды. 

"Аяла" қоры мен Пусан ұлттық университетінің ауруханасы 7 жылдан бері ынтымақтастық орнатқан. Осы уақыт аралығында оңтүстік кореялық емдеу мекемесінің дәрігерлері жыл сайын Астана мен Алматы қалаларында болды. Олар балаларға ортопедиялық патологиялар бойынша, ал әйелдерге гинекологиялық және онкологиялық аурулар бойынша тегін кеңестер беріп тұрды. Бұл жолы Пусандық дәрігерлер қазақстандықтарды 3 күн емдеді. 

"Біздің ынтымақтастығымыздың 2 бағыты бар. Жыл сайын қазақстандық дәрігерлерді Кореяға тегін шақырамыз. Сондай-ақ, қазақстандық балаларды Кореяда тегін емдейміз. "Аяла" қорымен әріптестік орнатудағы басты мақсат  бұл адам өміріне араша түсіп, аман алып қалу. Оған қоса, Корея мен Қазақстан арасындағы достықты нығайта түсу", – дейді Пусан Ұлттық университеті ауруханасының бас дәрігері Джонг Сон Ун. 

Ал гинеколог, профессор Ким Сен Чол Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында 12 науқасты тексеріп, кеңес берді. Делегация құрамындағы ортопед Ли Джонг Соп 50 кішкентай науқасты Алматы облыстық ауруханасында қабылдады. Айтпақшы, бұл профессор Лидің Қазақстанға 1 жыл ішінде жасаған екінші сапары. Ол осыған дейін Астанада болып, елордадағы №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасында 18 балаға диагноз қойды.

"Тексеру кезінде операцияға мұқтаж науқастар көп екенін байқадым. Сондықтан, ары қарай біздегі бағдарламаны қарастыратын боламыз. Ал Кореяға өзіміздің ауруханада операция жасату үшін балалардың бірін шақыра аламыз деп ойлаймын", – профессор Ли Джонг Соп. 

Жалпы ынтымақтастық аясында 200-ден астам бала Пусан дәрігерлерінің қабылдауында болды. Сонымен қатар, Кореядан келген ақ халаттылар біліктілікті арттыру мақсатында ондаған тәжірибелік шеберлік сабақ мен семинар өткізді. Алматы, Астана, Павлодар және Тараздан келген 16 дәрігер Пусан қаласында тегін оқудан өтіп, Пусан ұлттық университетінің ауруханасында нейрохирургия, ортопедия, травматология және неонаталдық офтальмология бойынша озық тәжірибе алмасты. Енді олар осы алған білімін Қазақстандағы ауруханаларда пайдаланады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу