"Аяла" қоры Оңтүстік Кореямен ынтымақтастықты дамытуда

265

Қор мен Пусан ұлттық университетінің ауруханасы арасындағы ұзақ мерзімді серіктестіктің аясында қазақстандықтар ауруынан құлан таза айығуға мүмкіндік алды.

"Аяла" қоры Оңтүстік Кореямен ынтымақтастықты дамытуда Фото: Аяла қоры

Өйткені, ынтымақтастық аясында кәріс дәрігерлері тегін медициналық көмек көрсетті. Мәселен, қазан айында Астана қаласының тұрғыны Пусанға емделуге аттанды. 

Астаналық 16 жастағы Мәди Берікқанов туғаннан бері сколиозбен ауырады. Омыртқасы қисайған жас жігіттің ішкі мүшелерінің дамуы тежеліп, жүрісі бұзылған. Мәдидің ата-анасы ұлына осыған дейін 15 мәрте ота жасатыпты. Өткен жылы боз бала Астанада Пусан ұлттық университетінің ортопеді, профессор Ли Джонг Соптың қабылдауында болған. Ол Мәдиді Кореядағы ауруханада кешенді тексеруден өтуге шақырған. Ал мұндай мүмкіндік екінің біріне беріле бермейтінін естіген анасы шын қуанғанын айтады. 

"Мәдидің туа біткен диагнозы көп. Бізде арқаның ауруы да бар. Осыған дейінгі оталардың барлығы Қазақстанда жасалды. Бірақ ортопедия жағы екінші орында қалды. Мәдиде омыртқаларының дұрыс қалыптаспауына байланысты арқасы қисайып кеткен. Профессор Қазақстандағы науқас балалардың ішінен жағдайы ауырын таңдаған. Отадан кейін ұлымның беті бері қараса деген аналық тілегім бар. Профессорға алғысымды білдіремін", - дейді Мәди Берікқановтың анасы Айман Ахметжанова. 

Пусан ұлттық университетінің ауруханасында Мәди компьютерлік томография, 3D сканерлеу секілді түрлі тексерулерден сәтті өтті. Бұл кешенді тексеру дәрігерлерге дәл диагноз қоюға, баланың денсаулығын бағалауға және екі аптаның ішінде жасөспірімнің ағзасындағы қабыну процестері мен пневманияны емдеуге көмектескен.  

"Біз "Аяла" қорымен ұзақ уақыт жұмыс істеп келеміз. Қордың көмегімен жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Қазақстандық балаларды Кореяға тегін емделуге шақырамыз. Ал Қазақстандағы ауруханаларды аралау кезінде біз денсаулық сақтау жүйесін зерттеп, өз тәжірибемізбен бөлісеміз. Бұл серіктестік біз үшін өте маңызды, өйткені адам өмірі мен денсаулығы өте құнды", - дейді профессор Ли Джонг Соп. 

Аяла қоры мен Пусан ұлттық университетінің ауруханасы 2016 жылдан бері меморандум аясында ынтымақтастық орнатқан. Содан бері кәріс дәрігерлері жыл сайын Астана мен Алматыға келіп, балалар мен әйелдерге тегін кеңес береді. Жеті жыл ішінде 680 қазақстандық бала оңтүстік кореялық жетекші мамандардың қабылдауында болған. Ал Пусан ұлттық университетінің ауруханасында 2 балаға сколиоз және гидроцефалия ауруларынан тегін ота жасалды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу