Астананың білім басқармасы ауа райына байланысты өткізілмеген сабақтарды демалыс күндеріне ауыстыруға жол берілмейтінін мәлімдеді. Сондықтан ата-аналарға алаңдауға негіз жоқ, деп хабарлайды Елорда инфо.
Сабақтардың болмауы балалардың демалыс күндеріне әсер етпейді. Демалыс күндер уақытылы өткізілетін болады. Бұған қоса, мектептегі оқу бағдарламасынан қалмау мақсатында тиісті іс-шаралар жоспарланған.
"Мұндайда өткен сабақты қайталау және жалпылауға қарастырылған резервтік сағаттар пайдаланылады. Оқушыларға, әсіресе, 9 және 11-сынып түлектері үшін жеке консультация ұйымдастырылып, оқу материалдарын блоктік және модульдік түрде ұйымдастыру қарастырылады. Бүгінде барлық мектептерде интерактивті жабдықтар бар, ол берілген аз ғана жұмыс уақытында оқу мазмұнын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Оқу жылын аяқтау бойынша бағдарлама материалдарын орындамау жағдайлары болған емес",- дейді қалалық білім басқармасының жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Маржангүл Қайырбаева.