Аяжан Еділованың өлімі: сот үкім шығарды

2095

Рахманберді Төребеков жазасын қауіпсіздігі төтенше колонияда өтейді.

Аяжан Еділованың өлімі: сот үкім шығарды

Алматыда 19 жастағы студент Аяжан Еділованың өліміне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz. 

Судья күдікті Рахманберді Төребековті айыпты деп танып, 25 жылға соттады.

Сот барысында күдікті Аяжан Еділованы зорлады деген айыппен келіспей, тек кісі өлтіргенін ғана мойындады.

Orda.kz дерегінше, жәбірленуші тарап 26,3 млрд теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіріп алуды сұраған. Сот үкімі бойынша Рахманберді Төребеков оларға 20 млн теңге төлеп, 6,8 млн теңге көлеміндегі процессуалды шығындарды өтеу тиіс.

Сондай-ақ сот бас прокурорға тергеушілер мен прокурорларды аталған қылмыстық істі мұқият тергегені үшін ынталандыру туралы жеке қаулы шығарды. 

Сот процесі жабық режимде өтті.

Студенттің өлімі бойынша сот отырысы биыл 9 қарашада басталды. 

Іс Алматы қаласының аса ауыр қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Қадіржан Ғалымжанұлы қылмыстық іс 30 томнан тұратынын, 30-ға жуық сараптама өткізілгенін мәлімдеген.

Еске салайық, Аяжан Еділова 2021 жылғы 19 наурызда жоғалып кеткен еді. Ол жұмыстан шыққан соң үйге оралмаған. 22 наурызда студенттің аяусыздықпен өлтірілгені анықталды. Оның денесі бөлшектеліп, қоқыс тастайтын орындарға жасырылғаны, тырнақтары жұлынғаны белгілі болды. 

Туыстары Аяжан Еділованы Талдықорғанда жерлеген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу