"Аюлар адамдардан үрікпейді": Сенатор жануарлар санын реттеуді ұсынып отыр

309

Елде 15 мыңға жуық қасқыр, 23 мыңнан астам шибөрі, 50 мыңнан астам қабан бар. 

"Аюлар адамдардан үрікпейді": Сенатор жануарлар санын реттеуді ұсынып отыр Фото: Сенат

Сенатор Қайрат Тастекеев өзінің депутаттық сауалында жабайы жануарлар санын бақылау мен реттеуді күшейту қажеттігі туралы айтып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Жабайы жануарлар санының көбеюі халықтың тіршілігі мен ауыл шаруашылығына теріс әсерін де тигізіп отырғаны мәлім. Соңғы жылдары жабайы жануарлардың басқа да түрлерінің елді мекендердің аумақтарына кіру фактілері жиілеп, адамдарға, малға, ара өсіру және ауылшаруашылық жерлеріне шабуыл жасау жағдайлары көбеюде. Аюлар адамдардан үрікпей, елді мекендерге емін-еркін кіретін жағдайлар саны артып отыр. Оған қоса қасқырлардың, жабайы шошқалардың және шибөрілер санының көбеюі де халық арасында алаңдаушылық тудырып отыр", – деді Қайрат Тастекеев.

Сенатор келтірген деректерге сәйкес, тез бейімделетін шибөрілер табиғат пен ауыл шаруашылығына елеулі зиян келтіреді. Қайрат Тастекеев экожүйе жануарлардың санын өз бетінше реттеу қабілетін жоғалтатынын және қолданыстағы шаралар әрқашан тиімді бола бермейтінін атап өтті. 

"Уәкілетті органдарға өңірлердегі жануарлар санын реттеу лимиттерінің толық және уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді және биологиялық негіздемелердің сапасына бақылауды күшейтуді, сонымен қатар жабайы жануарлардың санын реттеу және мониторинг бағдарламаларын әзірлеуді, цифрландыруды тапсыру маңызды деп санаймыз. Мемлекеттік органдардың өзара үйлесімді қызметін қамтамасыз етіп, жабайы жануарлар санын басқару жөніндегі қажетті шараларды іске асыру керек. Жануарлардың адамдарға, малға және ауыл шаруашылығы алқаптарына шабуыл жасау фактілерінің бірыңғай ақпараттық базасын қалыптастырып, ол деректерді квота белгілеу кезінде ескеріп, пайдалану керек", – деді Қайрат Тастекеев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу