Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров әлеуметтік төлемдер өсетінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"2025 жылдың басынан бастап балалары бар отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылардың барлық мөлшері 6,5%-ға индекстелетін болады. Жалпы, 2025 жылға арналған республикалық бюджетте балалары бар отбасыларға жәрдемақы төлеуге 875,1 млрд теңге қарастырылған", – деді Нұрлан Байбазаров.
Бұдан бөлек аз қамтылған азаматтарды әлеуметтік қолдау әрі қарай жалғасын таппақ.
Осы жылдың 1 қарашасына атаулы әлеуметтік көмекті 76,0 мың отбасы немесе 403,0 мың адам алған.
"2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап шәкіртақы мөлшері бакалавриат бағдарламасы бойынша 20%-ға, магистранттар мен докторанттарға 15%-ға өсті. Ғылыми ұйымдар қызметкерлерінің лауазымдық жалақысы да 18%-ға ұлғайтылды, 2025 жылғы қаңтардан бастап тағы да 17%-ға өсетін болады", – деді Премьер-министрдің орынбасары.