Аз қамтылған отбасы мәселелерін үнсіз қалдыруға болмайды – Ләззат Рамазанова

998

Қазақстанның әрбір ауданында қиын өмірлік жағдайға тап болған және мұқтаж адамдарға көмек көрсететін отбасын қолдау орталықтары пайда болады. Бұл ретте әкімдіктер қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрған үкіметтік емес сектор іске асырып жатқан әлеуметтік жобаларды қолдаудан бас тартпауға тиіс.

Аз қамтылған отбасы мәселелерін үнсіз қалдыруға болмайды – Ләззат Рамазанова

Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Ләззат Рамазанова Алматы облысының жұртшылығымен кездесуде мәлімдеді. Іс-шараға облыстық және аудандық комиссиялардың мүшелері, құқық қорғау органдарының, әкімдіктердің өкілдері, бизнестегі әйелдер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Кездесуге Қазақстандағы "БҰҰ-Әйелдер" бөлімшесінің басшысы Мария Доценко қатысты.

Ләззат Рамазанова жүргізіліп жатқан саяси реформалар аясында халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға жүйелі көмек көрсету мәселелері ерекше маңызға ие болып отырғанын атап өтті. Осы мәселелерді шешу үшін еліміздің әр ауданында Отбасын қолдау орталығы құрылады. Олардың жұмысы қазір Қазақстанның барлық аймақтарында ашылып жатқан Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау орталықтарымен үйлестірілетін болады. Осылайша, әйелдер тек қажетті қолдауды ғана емес, бұдан әрі өз ісін бастау үшін тәжірибелік білім де алатын болады.

Осы орайда, Ұлттық комисия төрайымы, бүгінгі таңда проблемаларды жауып қоймай, аймақтық ерекшеліктерді ескере отырып, сындарлы шешімдерді ұсынудың маңызы зор екенін атап өтті.

"Аз қамтылған отбасы мәселелерін үнсіз қалдыруға болмайды. Қазір, олыстан бастап аудандық деңгейге дейінгі барлық мемлекеттік органдардың, ҮЕҰ-ның, жұртшылықтың тартылуы, принципшілдігі және кәсібилігі аса қажет. Біз тек тыңдайтын ғана емес, әрекет ететін мемлекет болуымыз қажет. Тек өңірлік бастамалар мен сұраулар "дәрежесі" ғана Қазақстанның отбасылық және гендерлік саясаты тұжырымдамасында белгіленген реформаларды тиімді іске асыруға көмектеседі. Біздің мақсатымыз – мықты отбасылар, бақытты балалар мен ата-аналар", – деп атап өтті Ләззат Рамазанова.

Алматы қаласына сапары барысында Ұлттық комиссия басшысы әлеуметтік жобаларды іске асыратын ҮЕҰ өкілдерімен – аз қамтылған және көп балалы отбасыларға арналған "Бақытты отбасы" орталығы және "Зере" әлеуметтік даму орталығы өкілдерімен кездесті. Орталық қызметкерлері мұқтаж әйелдерге жүйелі көмек көрсетеді, түрлі мамандықтардың қыр-сырын үйретеді, кейін Мемлекеттік бағдарламалар бойынша гранттар мен несиелер алуда сүйемелдейді. Атқарылған жұмыстардың арқасында жүздеген әйел өздерінің материалдық және тұрғын үй жағдайларын жақсартып, тегін заң кеңестерін алды.

Ләззат Рамазанова мұндай орталықтар жергілікті атқарушы органдар тарапынан тұрақты қолдауды қажет ететініне назар аударды.

"Мемлекеттік сатып алуға қатысудың қолданыстағы жүйесі мұндай жобаларды қызметкерлердің жалақысын жоспарлау, үй-жайларды жалға алу үшін уақтылы есеп айырысу мүмкіндігінен айырады. Қызметкерлер мұқтаж адамдарға көрсететін үлкен көмегімен қатар, үнемі өмір сүру үшін күресуге мәжбүр. Мұндай ҮЕҰ жұмысы мәселелерінде әкімдіктер тарапынан тұрақты қолдауды қамтамасыз ету маңызды", – деп атап өтті Ләззат Рамазанова.

Сапар барысында кездесуге қатысушылар Ләззат Рамазановадан атаулы әлеуметтік көмек беру, мұқтаж және жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерін заңнамалық түрде қайта қарауды, Қазақстандағы көп балалы отбасылардың мәртебесін қайта қарауды сұрады. Іскерлік қоғамдастық өкілдері шағын өндірістер үшін кадрлар даярлау, мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін тауарлардың қазақстандық шығу тегі туралы сертификаттар алу және басқа да проблемалар туралы айтты. Ұлттық комиссия барлық айтылған мәселелер мен проблемаларды жұмыс барысында назарға алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу