Бұған дейін әлеуметтік желіде Азамат Батырбаев делінген азаматтың тергеу изоляторында азапталғаннан кейінгі хәлі туралы "жан түршігерлік суреттер" жарияланған. Адвокат Бауыржан Азановтың айтуынша, Азамат Батырбаевқа "жаппай тәртіпсіздік" бабы (272-бап 2-бөлім) бойынша айып тағылған. Ол айыппен келіспеген.
Сәрсенбі күні Бас прокуратура Батырбаевты азаптау фактісіне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
"Әлеуметтік желілерде полиция қызметкерлерінің А.Б. Батырбаевты ұрып-соғу фактісі туралы ақпарат тарап жатыр. Аталған тұлға Талдықорған қаласында болған тәртіпсіздіктер кезінде құқық қорғау органдары қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін 2022 жылғы 22 қаңтарында ұсталғанын хабарлаймыз. Ал 23 қаңтарда жауап алу кезінде, ол 10 қаңтарда ішкі істер органдарының қызметкерлері оған дене жарақатын келтіргені туралы айтқан. А. Батырбаевтың бұл арызының негізінде Алматы облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен азаптау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде" делінген хабарламада.