Қазақфильм 2025 жылы 9 фильмді жарыққа шығарады. Бұл туралы "Қазақфильм" АҚ президенті Азамат Сатыбалды айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
"Қазақфильмнің қиын кезеңдерді бастан өткеріп жатқанын түсінемін. Бірақ, біз студияны 5 жылға дамыту стратегиясын жасадық. Оның ішінде Мәдениет министрлігімен кешенді жұмыс жүргізуді жоспарлап отырмыз. Көрермен келесі жылы жұмыстың алғашқы нәтижесін көре бастайды. Қазір біз 9 фильм түсіріп жатырмыз, оның ішінде 4 фильм – мемлекеттік тапсырыс, 5 фильм демеушілік қаражат есебінен түсіріледі. Алғашқы премьералар 2025 жылдың ақпанынан басталады. Солардың арқасында жақсы касса жинаймыз деген үміттеміз", – деді Азамат Сатыбалды елордада Comic Con Astana фестивалінде.
Бұған дейін Парламентте кино саласындағы бюджеттің тиімсіз игерілуі сыналған еді.
2016-2022 жылдары Қазақфильмге кино шығаруға және прокаттауға 14,5 млрд теңге бөлінгенімен, оның 4,8 пайызы ғана ақталған.
Сондай-ақ, осыдан бірнеше күн бұрын "Алтын адам" туындысының аниматорлары жеті айдан бері жалақы алмағанын айтып, Қазақфильм ғимаратының алдында наразылыққа шыққан болатын.
Кейіннен Қазақфильм аниматорлардың қордаланған айлығын төлеп беретінін мәлімдеді.
Айта кетейік, 25-28 шілде күндері елордада III халықаралық Comic Con Astana фестивалі өтеді.
Бұл – комикстер, кинематография, видео ойындар, аниме және гик-мәдениеттің өзге де бағыттарына арналған халықаралық фестиваль.