eGov порталында азаматтардың әлеуметтік мәртебелерін өзектендіру қызметі іске қосылды, деп хабарлайды nitec.kz.
"Порталда әлеуметтік мәртебені тексеру қызметі өзектендірілді. Енді оның көмегімен азаматтардың әлеуметтік мәртебесін анықтап, қай тұлға атынан мемлекеттік сақтандыру жүйесіне төлемдердің өткізілуін қарап қана қоймай, "Анықталмаған" мәртебесі шыққан жағдайда оны үйден шықпай-ақ өзгертуге болады.
Естеріңізге салайық, бұл қызмет арқылы әрбір азаматқа байланысты "Жалдамалы жұмысшы", "Әлеуметтік төлем алушы", "18 жасқа дейінгі балалар", "Өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде тіркелген (ЖК, ШҚ)" деген әлеуметтік мәртебелерінің біреуі көрсетілетін хабарлама шығады, ал егер азамат ЖК немесе жұмысшы ретінде тіркелмеген болса "Анықталмаған мәртебе" деген хабарлама шығады.
Бұрын сол "Анықталмаған" статусын өзгерту үшін азаматтар ХҚКО-ға баруға тиіс болған. Енді, жаңартылған қызмет арқылы бұл рәсімді үйден шықпай жасауға болады. "Мәртебені өзгерту" сілтемесін басқаннан кейін азаматтарға шағын сауалнамадан өту ұсынылады.
Қызмет тегін, ЭЦҚ-ны қажет етеді және көрсету мерзімі – 5 жұмыс күн. Нәтижесінде жаңа әлеуметтік мәртебеңізбен тіркелу туралы хабарлама аласыз. Оны қайтадан осы қызмет арқылы немесе Жеке кабинеттен тексеруге болады". – деп хабарлады Ұлттық ақпараттық технологиялар АҚ Басқарма төрағасы Әсет Тұрысов.