Азаматтар жұбайының келісімінсіз банктен қарыз ала алмайды

550

Клиентті биометриялық сәйкестендірусіз банктік қарыздар мен микрокредиттер беруге тыйым салынады.  

Азаматтар жұбайының келісімінсіз банктен қарыз ала алмайды Фото: halykbank.ge

Мәжіліс депутаттары кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заң жобасын екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Заң жобасымен жұмыс шеңберінде депутаттар мына мәселелерге қатысты түзетулер енгізді:

- Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің және Ұлттық Банктің бірлескен нормативтік құқықтық актісімен банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшерін айқындау;

- жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес банктік қарыз  және микрокредит шарттары бойынша құқықтарды (талаптарды) коллекторлық агенттікке беруге 2026 жылға дейін мораторий енгізу.

Бұдан  басқа "Микроқаржылық қызмет туралы" Заңның 4-бабының 3-1-тармағында көзделген қысқа мерзімді микрокредиттер беруді реттеудің ерекше режимін алып тастау; банк омбудсманына тек банктік қарыздар бойынша дауларды қарау жөніндегі өкілеттіктерді бекіту және жеке тұлғалардың микрокредиттері бойынша дауларды қарау бойынша құзырет бере отырып, микроқаржы омбудсманы институтын енгізу; жылу беру маусымында жалғыз тұрғын үйінен шығарып тастауға жол берілмейтін адамдардың тізбесіне бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар тұратын отбасыларды қосу ұсынылады.

Клиентті биометриялық сәйкестендірусіз банктік қарыздар мен микрокредиттер беруге тыйым салынады.

"Әскери қызметшілерге мерзімді әскери қызметті өткерудің барлық мерзіміне банктік қарыз немесе микрокредит бойынша төлемдерді кейінге қалдыру процесі автоматтандырылады. Банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға жұбайының келісімінсіз жеке тұлғаға банктік қарыз беруге тыйым салынады. Бланкілік қалдықтарды есептен шығару үшін сот тәртібімен өндіріп алынған күнге ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша міндеттемені ипотекамен жабу туралы шартты алып тастау, бұл ретте мұндай қалдықтарды есептен шығару борышкер - жеке тұлғада кепілге салынған мүлікті сот тәртібімен сату күніне өндіріп алынуы мүмкін өзге мүлік немесе кірістер болмаған жағдайда жүргізілетін болады", - делінген Мәжіліс хабарламасында.

Сонымен қатар заң жобасының тақырыбын "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеу және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп өзгерту ұсынылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу