"Азаматтарды адастыруға бағытталған": Интернет-алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды

Ол жасанды интеллекттің заманауи технологияларын қолданумен жасалған.  

"Азаматтарды адастыруға бағытталған": Интернет-алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды Фото: kapital.kz

Ішкі істер министрлігі Halyk+ жалған платформасына қатысты алаяқтық туралы ескертіп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

– Әлеуметтік желілерде deepfake арқылы банктердің бірінің басшысының бейнесі қолданылған бейнеролик таралуда. Бұл роликте азаматтарға Halyk+ деп аталатын инвестициялық платформаның көмегімен ірі көлемде ақша табуға болады деген жалған ақпарат айтылады, – делінген хабарламада.

Министрлік өз кезегінде мұндай платформаның жоқ екенін мәлімдейді. Таралып жатқан ақпарат жалған және азаматтарды адастыруға бағытталған. Бұл ақшалай шығынға да әкелуі мүмкін.

Негізінен, азаматтар кез келген белгісіз онлайн-платформалар арқылы ақша салу туралы ұсыныстардың алаяқтық тәуекелі жоғары екенін естен шығармауы керек. Қауіпсіздік мақсатында қаржылық операцияларды тек банктердің ресми бөлімшелеріне жеке барып жүргізген жөн.

– Егер сіз осындай материалдарды байқасаңыз немесе алаяқтардың құрбаны болсаңыз, дереу ішкі істер органдарына хабарласыңыз, – деп жазады ІІМ.

Министрлік азаматтарды әлеуметтік желілердегі күмәнді бейнероликтер мен жарияланымдарға сенбеуге, белгісіз сілтемелерге өтпеуге, жеке деректерді үшінші тұлғаларға бермеуге және ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеруге шақырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу