Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпедемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сархат Бейсенова елімізде жұқпалы аурулар бойынша эпидемиологиялық жағдайы тұрақты екенін айтты.
"ЖРВИ және тұмаумен сырқаттанушылықтың эпидемиологиялық маусымы жалғасып жатыр. Елімізде жыл сайын эпидемиологиялық маусымда ЖРВИ-дің 4-5 млн жағдайы және тұмаудың 2 мыңға дейін жағдайы тіркеледі. Жалпы республика бойынша қазіргі эпидемиологиялық маусымдағы сырқаттанушылықтың өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ға төмендеуі байқалады", – деді ол.
Сөзінше, эпидмаусым басталғаннан бері тұмаудың зертханалық расталған 1686 жағдайы тіркелді.
"Атап айтқанда, А тұмауы (H1N1) – 92,5% (1559 жағд.), А(H3N2) – 0,9% (16 жағд.), В тұмауы – 6,6% (111 жағд.). Жалпы республика бойынша тұмауға қарсы 2,3 млн адам егілді, бұл республика халқының 11,6%-ын құрайды. Пандемияның аяқталғанына қарамастан, біз халық арасында КВИ-мен сырқаттанушылыққа тұрақты негізде мониторинг жүргіземіз. Биыл 1 қаңтарынан бастап республикада КВИ-дің 51 жағдайы тіркелді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылық 7 есе төмен", – деп атап өтті Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпедемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы.