Азаматтардың өтінішін бір мекемеден екіншісіне негізсіз қайта жолдауға шектеу қойылды

619

2026 жылғы 8 қарашадан бастап жаңа норма қолданысқа енгізілді.

Азаматтардың өтінішін бір мекемеден екіншісіне негізсіз қайта жолдауға шектеу қойылды Фото: zakon.kz

Оған сәйкес, енді мемлекеттік органдар өтінішті үш реттен артық қайта жолдаса, олар мәселені өз бетінше не себепті шеше алмайтынын және оны басқа ведомствоға қандай негізде жолдайтынын жазбаша түрде түсіндіруге міндетті. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі таратқан ақпараттан белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімі басшылығымен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінде азаматтардың өтініштер ағынын басқару және олардың санының өсу мәселелері бойынша кеңес өтті. Өтініштерді талдау нәтижесі соңғы жылдары мемлекеттік органдардың формалды жауаптарына және өтініштерді ведомстволар арасында бірнеше рет жолдау жағдайларына қатысты шағымдар санының артып келе жатқанын көрсетіп отыр.

"2026 жылғы 8 қарашадан бастап жаңа норма қолданысқа енгізілді. Оған сәйкес, егер мемлекеттік органдар өтінішті үш реттен артық қайта жолдаса, олар мәселені өз бетінше не себепті шеше алмайтынын және оны басқа ведомствоға қандай негізде жолдайтынын жазбаша түрде түсіндіруге міндетті. Бұл ретте екі органның да өкілеттіктерін растайтын нормаларға сілтеме жасалуы тиіс. Аталған шара негізсіз қайта жолдау тәжірибесін болдырмауға, мемлекеттік органдардың азаматтар алдындағы жауапкершілігін арттыруға және өтініштерге мәні бойынша сапалы жауап беруді қамтамасыз етуге бағытталған", – делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметтердің "жасырын" түрлері мәселесі талқыланды. Сондай-ақ бірқатар өтініш берушінің қайталанатын сұрауларды бірнеше рет жолдауына байланысты шағымдар санының арту үрдісі қаралды. Мұндай мәселелерді шешу үшін азаматтардың күрделі әрі ұзақ уақыт бойы шешімін таппай келе жатқан өтініштерімен нысаналы жұмыс жүргізу тәжірибесін қолдану ұсынылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу