"Азаматтарға арналған үкімет" басшысының ұсталғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды

688

"Азаматтарға арналған үкіметтің" басшысы ұсталған жоқ. Халыққа қызмет көрсету орталықтарын басқаратын төраға бүгін, әдеттегідей, жұмыс орнында. Қызметінде жүр. Бұл туралы мемлекеттік корпорацияның баспасөз қызметі растады. 

"Азаматтарға арналған үкімет" басшысының ұсталғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды Фото: Ult.kz

Сүйеніш Әбділдиннің қолына кісен салынғаны туралы ақпарат жұма күннен бері әлеуметтік желіде желдей есті. Алайда мұны орталықтағылар жоққа шығарып отыр. 

Еліміздегі бүкіл ХҚКО басқаратын басшының құрықталғаны туралы ақпаратты жұма күні отандық басылымдардың бірі жариялады. Олар анонимді дереккөздеріне сүйенген. Мақалада наурыздың 10-ы таңертең Сүйеніш Әбділдиннің жұмыс орында ұсталғаны, ал оның кабинетінде тінту жүргізілгені жазылған. Тіпті қызметтік лауазымын пайдаланып, өзіне сеніп тапсырылған мүлікті жымқыру фактісі бойынша қылмыстық іс те қозғалған-мыс.  32 жастағы Әбділдин 2022 жылдың сәуір айынан бері "Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясының басқарма төрағасы болып тағайындалған. Бұл ұйым еліміздегі барлық ХҚКО-ның үстінен қарайды және Бағдат Мусин басқаратын цирлық даму министрлігіне тікелей бағынышты. Ақпараттың рас-өтірігін анықтау үшін мен "Азаматтарға арналған Үкімет"-ке хабарластық. Олар басшының ұсталғанын жоққа шығарып отыр.

"Сүйеніш Тілеуханұлы Әбділдин қазір жұмыс орнында. Ол жұма және сенбі күндері де қызметте болды, ал ұсталғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Кабинетінде жүргізілген тінту мен қылмыстық іс қозғауға қатысты бізде ақпарат жоқ. Оны қаржылық мониторинг агенттігінен сұрау керек. Ал жалған ақпарат таратқандарға қатысты шара қолдану мәселесін қарастырып жатырмыз", деді "Азаматтарға арналған үкімет" МК қоғаммен байланыс жөніндегі басқарушы директоры Нариман Дүйсекеев. 

Ең қызығы, бұл алғашқы жағдай емес. Наруыздың 9-ы күні қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері "Азаматтарға арналған үкіметтің" аппарат басшысы Қуандық Қуатовты ұстағаны туралы ақпарат тарады. Корпорацияның баспсөз қызметі мұны да жоққа шығарды, яки агенттік мамандары оған бірнеше сұрақ қойғаннан кейін, босатқан. Қаржылық мониторинг агенттігі үнсіз, ешқандай ақпарат бермей отыр. Ал сұрақ көп. Неліктен Мемлекеттік корпорация басшылығы тергеліп жатыр және оларға қарсы қылмыстық іс қозғалғаны рас па? Осы сұрақтарға жауап алу үшін ведомствоға ресми журналистік сауал жолдадым. Жуық арада жауап беруі тиіс. Осы орайда, жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтынын ескеру керек. Не де болса, бұл істе шикіліктің барын байқауға болады. Ақпараттық шабуыл ма, әлде жауаптылар бізден бірдеңе жасырып жатыр ма  белгісіз. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу