"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының миграциялық ХҚО-сы арқылы көрсетілетін қызметтер саны толыға түсті. Енді елімізге уақытша келетін шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар миграциялық ХҚКО-лар арқылы тіркеледі. Бұған дейін бұл қызмет тек ІІМ-нің көші-қон комитеті тарапынан көрсетілетін.
18 ақпаннан бастап көрсетіле бастаған жаңа қызмет түрін пайдалану үшін шетелдік азаматтың өзімен бірге келесі құжаттары болуы тиіс: біріншіден, Қазақстан аймағына кіруге визасы бар шетелдіктің не азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын жарамды құжаты. Екіншіден, шекараны кесіп өткені туралы белгісі бар көші-қон карточкасы. Үшіншіден, еркін түрде жазылған қолдаухат.
Қызмет алушылар ел аумағына 6 айдан артық мерзімге келген болса, қосымша толтырылған 2 "мекенжайға келу парағын", статистикалық есепке алу талоны және 3,5х4,5 көлеміндегі бір фотосурет тапсыруы керек.
Миграциялық ХҚКО арқылы шетелдіктер бір күннің ішінде тіркеуге тұра алады.
Бұл орталық мемлекеттік қызметтерді жылдам әрі еш кедергісіз алуға мүмкіндік беру, құқық қорғау органдарында жемқорлық әрекетіне жол бермеу үшін жасалып отыр.
Жаңадан қосылған қызметтен бөлек, мұнда шетелдіктер жұмыс істеуге рұқсат беретін құжатты алып, Қазақстан аумағына уақытша келетіндер өздеріне ЖСН (жеке сәйкестендіру нөмірін) рәсімдей алады.
Алдағы уақытта көші-қон ХҚКО-ларына сонымен қатар, қазақстандықтардың шақыруы бойынша келетін шетелдіктерге Қазақстан визасын беру, қазақстандықтардың өзге шет мемлекеттерге тұрақты тұруға көшіп кетуі құжаттарын рәсімдеу секілді қызметтер тапсырылады деп жоспарлануда.
Естеріңізге сала кетейік, еліміздің 13 қаласында көші-қон қызметтерінің орталығы жұмыс істейді. Тағы төрт миграциялық ХҚКО Павлодар, Өскемен, Тараз, Түркістан облысында жыл соңына дейін ашылатын болады.