Азаматтығынан айырылған шымкенттік экс-шенеунік тағы сотта жеңілді

1455

Дене шынықтыру және спорт басқармасын басқарған экс-шенеуніктің арызын сот қанағаттандырмады.  

Азаматтығынан айырылған шымкенттік экс-шенеунік тағы сотта жеңілді

Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының бұрынғы басшысы Олег Почивалов бұған дейін Әл-Фараби аудандық сотына шағым түсірген болатын. Ол  өзін Ресейдің емес, Қазақстан азаматы екенін дәлелдемек болды. Бірақ ақпанның 22-сіндегі шешімімен Әл-Фараби аудандық сотының судьясы Нұрғали Исмайылов экс-шенеуніктің азаматтығын қайтару туралы талабын қанағаттындырмады.

"Сот Почивалов Олег Владимировичтің РФ азаматтығын алғанын және тиісті паспорты болғанын анықтады. №1 көшірме бұл мәліметті растап тұр. Аталмыш факт Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің хатымен де, РФ ІІМ жауабымен де дәлелденді. Почивалов пен оның өкілдері сотқа бұл деректерді жоққа шығаратын дәлелдер ұсынған жоқ. Осылайша сот полиция департаментінің азаматтықтан айыру әрекетінен ешқандай заң бұзу анықтаған жоқ", – деді судья.

Бұл шешіммен келіспеген Олег Почивалов апелляциялық шағым түсірді. Бірақ апелляциялық сотта да оның шағымы қанағаттындырылмады.  Бұл ақпаратты Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі растады.

"Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылдың 8 сәуіріндегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылды, апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылып, заңды күшіне енді" делінген баспасөз қызметі берген мәліметте.

Естеріңізге салсақ, өткен жылдың желтоқсан айының ортасында  әлеуметтік желі парақшаларында  Олег Почиваловтың  Ресей елінің азаматы екені туралы ақпарат тарап, тіпті кейбір құжатының көшірмесі жария етілді. Онда Олег  Почиваловтың тұрғылықты жері Мәскеу  екені, ал "азаматтық" бағанында "Ресей Федерациясы" деп жазылғанын көруге болады. Алайда спорт басқармасының өкілі бұл ақпаратты теріске шығарды.  Ал ақпан айының басында Шымкент қалалық Полиция департаменті көші-қон басқармасы шенеуніктің азаматтығынан айыру жайтының тіркелгенін ресми түрде растады.

"Көші-қон басқармасының қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізу барысында 1974 жылы туылған азамат Почивалов Олег Владимировичке ҚР Азаматтық туралы Заңның 21-бабының 5- тармағының талаптарына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру жайты тіркелді", – делінген қалалық ПД көші-қон басқармасы берген мәліметте.

Бірақ сол кездегі шенеунік өзін азаматтығынан заңсыз айырды деп, сотта абыройы мен құқығын қорғайтынын мәлімдеді. Және де тек Қазақстанның азаматы екенін жеткізген болатын.

Жансая Тәуекелқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу