Азаматтық авиация академиясында бейінді пәндер ағылшын тілінде жүргізілмек

747

Ресми мәліметтерге сүйенер болсақ, қазіргі күнде еліміздің азаматтық авиация саласында 20 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Оның ішінде 10 мың қызметкер әуежайларда, 2 857 маман ұшқыштар құрамында еңбек етеді. Ал инженерлік-техникалық құрамдағы жұмысшылар саны – 1 767.

Азаматтық авиация академиясында бейінді пәндер ағылшын тілінде жүргізілмек

Десе де саланың дамуына байланысты 2025 жылға қарай қызметкерлерге деген сұраныс саны жыл сайын 500-600 адамды құрайды деп болжануда, деп хабарлайды inbusiness.kz ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елімізде сертификатталған 25 авиациялық оқу орталығы бар. Аталған мекемелер ұшқыштар, инженерлік және әуе қозғалысын диспетчерлік қызмет көрсету құрамы мен авиациялық станция операторларын алғашқы даярлау, қайта даярлау және біліктілігін жетілдіру бағытында қызмет көрсетеді.

Ал Азаматтық авиация академиясы салаға қажетті мамандар даярлайтын еліміздегі бірден-бір жоғары оқу орны.

Қазақстандық әуе компаниялары мен Азаматтық авиация академиясының өкілдерінің қатысуымен өткен басқосуда отандық әуе компанияларға өз қызметкерлерін академияда ұшақтардың ұшу кестесі мен оларға техникалық қызмет көрсетуді жоспарлау бойынша кәсіби біліктілігін жетілдіру ұсынылды.

Академия өкілдерінің айтуынша, қазіргі күнде оқу орнында отандық авиация саласындағы мамандардың білімін арттыру бағытында арнайы кешенді жұмыстар жүргізілуде. Басты мақсат – білім беру бағдарламаларын заманауи авиакомпаниялардың талаптарына сәйкестендіру.

Сонымен қатар жиында академия түлектерінің ағылшын тілі деңгейін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар да талқыланды.

"Білім алушылардың ағылшын тілі деңгейін көтеру бағытында үш тілде білім беруді енгізудің арнайы жол картасы қабылданған. 2023 жылы академияда профилді пәндер ағылшын тілінде жүргізілмек", – дейді Азаматтық авиация академиясының өкілдері.

Кездесу қорытындысы бойынша академияның оқу бағдарламаларын авиакомпаниялардың талаптарына және халықаралық стандарттарға сәйкес келтіру бойынша бірлесіп жұмыс жүргізу туралы шешім қабылдады.

ҚР ИИДМ баспасөз қызметі

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу