Азаматтық авиация саласының кірісі 300 млрд теңгеге азаюы мүмкін

1090

Алдағы 5 жылда 13 әуе айлағы салынады.

Азаматтық авиация саласының кірісі 300 млрд теңгеге азаюы мүмкін

Азаматтық авиация саласында коронавирус пандемиясына байланысты ішкі және халықаралық авиарейстер тоқтап тұр. Бірақ қалыптасқан жағдайға қарамастан биылғы жылдың I тоқсанында жолаушылар ағыны көрсеткішінде өсім болды. Есептік кезеңде тасымалданған жолаушылар саны 1,7 млн адамды құрады. Бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,2% артық. 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, биыл Түркістан қаласындағы жаңа жолаушылар терминалы іске қосылады. Үржар қаласындағы әуежай қайта жаңартылады. Шымкент қаласындағы жаңа терминалдың құрылысы қолға алынып, Орал қаласы әуежайының аэровокзал кешенін қайта жаңарту жұмысы жалғастырылады. Қаржы бөлінген жағдайда Өскемен, Үшарал қалаларындағы әуежайлардың ұшу-қону жолақтары жөнделеді. 

"Алдағы 5 жылда 13 әуе айлағы салынады. Бүгінгі таңда жергілікті әуе желілерінің 3 әуе айлағы Үшарал, Үржар, Зайсан жұмыс істеп тұр", – деді министр. 

Оның сөзінше, әуетасымалы тоқтатылғанға дейін еліміздің 26 шетел мемлекетімен 99 халықаралық бағыт бойынша әуе қатынасы болған. 

"Жақын арада қалыпты жұмыс режиміне оралып, барлық бағыттағы ұшуды қалпына келтіреміз деп үміттенеміз. Азаматтық авиация саласы өкілдерінің болжамы бойынша, авиация саласындағы кірістердің төмендеуі жыл соңына дейін шамамен 300 млрд теңгені құрауы мүмкін", – деді Бейбіт Атамқұлов. 

Қанат Махамбет
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу