Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев азаматтық авиацияның дамуын тежейтін бірқатар проблемалық мәселелерді атап өтті, деп жазады inbusiness.kz.
"Бірінші – әуе отыны. Азаматтық авиацияны дамытудың негізгі тежегіштерінің бірі – ішкі нарықтағы авиаотынның тапшылығы және оның жоғары құны. Осы себепті отандық әуежайлар транзиттік компанияларды тарту мен оларға қызмет көрсету бойынша көрші елдердің әуежайлары алдында бәсекеге қабілеттілігін жоғалтады, бұл өз кезегінде Қазақстанның транзиттік әлеуетіне теріс әсер етуде. Әуе отыны нарығындағы тұрақсыз жағдайға байланысты, авиакомпаниялар жаңа халықаралық рейстерді ашу қажеттілігін қанағаттандыра алмайды", - деді министр.
Оның мәліметінше, отандық мұнай өңдеу зауыттарының өндірістік қуаты авиаотынға деген қажеттілікті өтемейді, осыған байланысты отынды Ресейден импорттауға тура келіп отыр.
Ведомство басшысы мәселенің шешімі ретінде авиаотын өндірісінің жыл сайынғы көлемін ұлғайту қажет деп айтты. Бұл ішкі нарықтағы тапшылықты, импортқа тәуелділікті жоюға мүмкіндік береді деп отыр.