Азаматтық кодекстің 509-бабы қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіріледі

1002

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызмет институты енгізіліп жатыр. 

Азаматтық кодекстің 509-бабы қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіріледі Фото: informburo.kz

Мәжілістің жалпы отырысында "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы таныстырылды. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов құжаттың 3 блогына түзету енгізілетінін мәлімдеді. 

"Бірінші блок – сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу бойынша қосымша тетіктерді енгізуге бағытталған. Атап айтқанда, Азаматтық кодекстің ерекше бөлімінде сыйға тартушының пайдасына іс-әрекеттері үшін өзіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу қабылдайтын тұлғаларға кез келген құны бар сыйлық сыйға тартуға тыйым салу ұсынылады. Азаматтық кодекстің "Сыйға тарту" атты 509-бабының қолданыстағы редакциясына сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге құны 10 айлық есептік көрсеткішке дейінгі сыйлықтарды сыйға тарту мүмкіндігіне жол беріледі. Осыған байланысты Конституциялық кеңес 2018 жылғы 5 маусымдағы өзінің жолдауында аталған бапты қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіру қажеттігін тікелей көрсетті", – деді Олжас Бектенов.

Төрағаның бірінші орынбасары атап өткендей, "сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" заң бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу қабылдайтын тұлғалардың отбасы мүшелерінің материалдық сыйақы, сыйлық немесе көрсетілетін қызметтерді қабылдауына тыйым салынады.

"Мемлекеттік лауазымға не мемлекеттік немесе оларға теңестірілген міндеттерді атқаруға байланысты лауазымға үміткер болып табылатын тұлғалар үшін ұйымның басшылығын осы ұйымда жұмыс істейтін жақын туыстары, жұбайы немесе жекжаттары туралы жазбаша нысанда хабардар ету міндеттемелері енгізіледі.Мемлекеттік бюджеттен және Ұлттық қордан қаржыландырылатын жобаларды іріктеу мен іске асыруға, сатып алуды ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі шешімдер қабылдауға жауапты квазимемлекеттік сектор субъектілерінің дербес құрылымдық бөлімшесінің басшысынан төмен емес лауазым иелері мен уәкілетті қызметкерлерін сыбайлас жемқорлық субъектілеріне жатқызу ұсынылады. Квазимемлекеттік сектор ұйымдарында парасаттылықтың корпоративтік стандарттарын сақтауға жауапты сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер институты енгізіліп жатыр", – деді Олжас Бектенов.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу