Азаматтық қоғам кез келген мемлекеттің дамуында маңызды рөл атқарады

75

 Бұл бағыттағы бастамаларды сан түрлі салалардан көруімізге болады.  

Азаматтық қоғам кез келген мемлекеттің дамуында маңызды рөл атқарады Фото: kznews.kz

Азаматтық қоғам – кез келген мемлекеттің дамуында маңызды рөл атқаратын айрықша құрылым. Соның ішінде "Таза Қазақстан" ауқымды республикалық акциясы да бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып келе жатқан экологиялық науқан бүгінде миллиондаған қазақстандықты біріктірді. Ел азаматтары табиғатты аялауға, қоршаған ортаны қорғауға ат салысып қана қоймай, өздерінің экологиялық мәдениетін де арттырып келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұл акция басталғалы бері оған республика бойынша 10 миллионнан астам қазақстандық қатысқан. Оның аясында жыл сайын түрлі іс-шаралар өтеді. Эколог және қоғам белсендісі Азаматхан Әміртайдың айтуынша, бүгінде экологиялық мәселелерді шешудің басты жолы – технологиялық жаңару, өндірістерді экологиялық модернизациялау және жасыл экономикаға көшу. Ол жастарды экологиялық мәселелерге қалай тартуға болатынына қатысты ойын жеткізді.

"Қазіргі жастар – мүлде жаңа ортада өсіп келе жатқан буын. Олар туғаннан бастап екі кеңістікте өмір сүріп жатыр: біріншісі – дәстүрлі ақпарат құралдары, екіншісі – ғаламтор мен әлеуметтік желілер. Осы кеңістіктер арқылы жастар әлемдегі экологиялық үрдістерді, экологиялық мәдениетті күн сайын көріп отыр. Сондықтан қазіргі жастардың экологиялық санасы бұрынғы буынға қарағанда әлдеқайда қалыптасқан деп айтуға болады. Енді біздің міндет – сол қалыптасқан экологиялық сананы дұрыс бағыттап, тиімді пайдалану", – деді сарапшы.

Оның пікірінше, ең алдымен дұрыс инфрақұрылым қажет.

"Мысалы, егер көшеде қоқыс тастайтын арнайы жәшіктер болмаса немесе қалдықтарды бөлек жинау жүйесі ұйымдастырылмаса, жастар экологиялық мәдениетті қалай сақтайды? Сондықтан біз ең алдымен экологиялық инфрақұрылымды дамытуымыз керек. Атап айтқанда, қоқысты сұрыптау жүйесін енгізу, қайта өңдеу орындарын көбейту, қалалар мен ауылдарда экологиялық тәртіпке жағдай жасау", – деп атап өтті ол.

Сала маманы мектептен бастап экологиялық мәдениетті қалыптастыру керек деп есептейді.

"Волонтерлік қозғалыстарды дамыту – жастарды табиғатты қорғау акцияларына, ағаш отырғызу, өзен-көлдерді тазарту сияқты нақты істерге тарту. Өскелең ұрпаққа арналған экологиялық алаңдар мен форумдар ұйымдастыру – жасыл экономика, жасыл технологиялар және жасыл бизнес бағытында білім беру", – деп түсіндірді спикер.

Азаматхан Әміртай экологиялық реформалардың табысты болуы тек мемлекеттік шешімдерге ғана емес, азаматтық қоғамның белсенділігіне де тікелей байланысты деген пікірде. Егер қоғам белсенді болса, экологиялық мәдениет қалыптасады, ал экологиялық саясат нақты нәтижеге жетеді, дейді ол.

"Бүгінде Қазақстанда экология мәселесіне деген қоғамдық қызығушылық артып келеді. Волонтерлік қозғалыстар, қоғамдық ұйымдар, жастар бастамалары – осының барлығы экологиялық реформаларды қолдайтын маңызды күшке айналып отыр. Сонымен қатар жаңа Конституцияның ұсынылып отырған жобасында мемлекет қызметінің 11 негізгі қағидаты енгізілуде. Соның бірі – жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Бұл – өте маңызды тарихи қадам. Өйткені экология алғаш рет мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарының бірі ретінде бекітіліп отыр. Бұл қағидат болашақта қабылданатын барлық шешімдердің негізіне айналуы тиіс. Яғни соған сәйкес Экологиялық кодекс, Су кодексі және басқа да заңнамалар жетілдіріліп, жаңа нормалар қалыптасады", – деді экобелсенді.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "қоқысты сұрыптау, су мен жарықты үнемдеу, қоғамдық орынды бүлдірмеу – бұл қоғамның қалыпты қағидатына айналуы қажет" деп айтқан болатын. Эколог бұл мәселелерді шешу үшін бірнеше негізгі бағытта жүйелі жұмыс жүргізу қажет деп санайды.

"Экологиялық тәртіпті бақылау жүйесін күшейту қажет. Қазіргі таңда Мемлекет басшысы айтқандай, біз экологиялық жауапкершілік пен цифрлық шынайылық кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Яғни, цифрландыру, жасанды интеллект сияқты технологияларды пайдаланып, экологиялық тәртіпті бақылауға болады. Мысалы, бүгін жол қозғалысын бақылауда бейнекамералар мен спутниктік жүйелер қолданылып жатыр. Сол сияқты қоғамдық орындарда қоқыс тастағандарды, табиғатқа зиян келтіргендерді бейнебақылау арқылы анықтап, жауапкершілікке тарту қажет. Қазақта "таяқ еттен өтеді" деген сөз бар. Яғни тәртіп болуы үшін бақылау мен жауапкершілік ақпараттық жүйесі болуы керек. Заң талаптарын бұзғандарға айыппұл салу арқылы біз қоғамда экологиялық тәртіпті қалыптастырамыз. Әрине, бұл жерде инфрақұрылым да, білім де, тәртіп те қатар жүруі тиіс. Сонда ғана экологиялық мәдениет қоғамның күнделікті өмір салтына айналады", – деп атап өтті Азаматхан Әміртай.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу