Азаматтық қоғам мен медиа мамандар бірлесті

258

Қоғамдағы өзекті мәселелерді азаматтық қоғам мен медиа саласының мамандары бірлесіп талқылады.

Азаматтық қоғам мен медиа мамандар бірлесті Фото: elorda.info

Мұндағы мақсат екі бағытты бір арнаға тоғыстырып, өзара байланыс орнату. Астанадағы "Достық сарайында" қырыққа жуық белсендінің басын қосқан жиын өтті, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Мұндай жиын Астанада алғаш рет ұйымдастырылды. Бұған дейін әр сектор өздігімен жұмыс істейтін. Салдарынан көп жағдайда азаматтық қоғамның атқарған қыруар еңбегінен көпшілік хабарсыз қалатын. Бұл олқылықты жою үшін Астана әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы мүддесі бір бағыттарды өзара байланыстыру үшін, дөңгелек үстел басына жинады.

"Жалпы басты мақсат  қазіргі таңдағы әлеуметтік желі болсын, қоғамда болып жатқан әртүрлі іріткі салушы, әртүрлі қоғамды бездіремін деген, сондай бір ішке іріткі салатын жағдайларға тосқауыл қоя білу деп басты мақсат осыны айқындап отырмыз. Қазіргі таңда қоғамды топтастыру бұл тек мемлекеттің ғана міндеті емес, бұл үкіметтік емес ұйымдардың жауапкершілігі және де этно-мәдени орталықтардың жауапкершілігі, бұқаралық ақпарат құралдары да тыс қалмауы керек", - дейді Астана қаласы Отбасы саясаты жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжан.

Яғни, бұқаралық ақпарат құралдары көптің назарына сүзгіден өткен шынайы ақпаратты ұсынуы тиіс. Өйткені әлеуметтік желінің еркіндік алған тұсында халық ненің рас, ненің өтірік екенін ажырата алмай жатады. Сондықтан жиынға қатысушылар қандай да бір ақпарат таратқанда алдымен оның қоғамға тигізетін әсеріне мән беру керек деді.

"Әрбір қоғамның дамушы факторлары болады. Оны қалыптастырушы үкіметтік емес ұйымдар, өйткені мемлекет әр қайсысына мұрын сұғып, жетесіне жеткізіп, үтір-нүктесіне дейін қарай алмайды. Ол жалпы менеджер ретінде негізгі заңнамалық актілермен қамтамасыз етіп отырса, үкіметтік емес ұйымдар соны жер жердегі салалық мәселелерді жетесіне жеткізіп, көрермен мен қалың бұқарамен, тұтынушымен жұмыс жасайды. Ал олардың жұмыстары қоғамға қалай жетіп жатыр. Мысалы, жақсы ресурстар болуы мүмкін. Бірақ медиа ресурстарының шектеулігі жетесіне жеткізіп, қажет адамға, мақсатты аудиторияға жетпей қалып жатады", - дейді MNU халықаралық журналистика мектебінің Adjunct Assistant профессоры Алма Сайлауқызы.

Әуелгі жұмыс байқау жариялаудан басталмақ. Медиа саласы мен азаматтық қоғам өзекті мәселені шешу жолын көрсететін үлкен жоба ұсынады. Ең үздігі Астана қаласы Ішкі саясат басқармасынан ақшалай жүлдесіне ие болып, жобаны жүзеге асыра алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу