Қазақстан Республикасының Нидерланд корольдігіндегі елшісі Ақан Рахметуллин Нидерланды королі Виллем-Александрға сенім грамоталарын тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Салтанатты рәсім аяқталғаннан кейінгі кездесу барысында елші корольге Қазақстанның ішкі саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы, ең алдымен, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүзеге асырып жатқан ауқымды реформалар аясында ақпарат берді.
Сондай-ақ, корольге мемлекеттілікті нығайту, орнықты экономиканы қалыптастыру, азаматтардың әл-ауқаты мен құқықтық мәртебесін арттыру мақсатындағы елді одан әрі жаңғыртудың негізгі бағыттары туралы жан-жақты мәлімет ұсынылды.
Қазақ дипломаты сұхбаттасын Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың V отырысындағы сөйлеген сөзінің және "Turkistan" газетіне берген сұхбатының негізгі мазмұнымен де таныстырды.
Король Виллем-Александр қазақстандық реформалар бағытына оң баға беріп, олардың Қазақстан мен оның азаматтарының игілігі үшін маңыздылығын тілге тиек етті.
Кездесу барысында қазақ-нидерланд ынтымақтастығын одан әрі дамыту үшін, оның ішінде инновациялар мен жоғары технологиялар салаларында айтарлықтай әлеуеттің бар екені атап өтілді.