Азат Перуашев: Бұл – кедейшілікке итермелейтін әрекет

1407

"Қытай мен Ресейдің жағдайына қарасақ, коронавирус қайта күшейюі мүмкін"

Азат Перуашев: Бұл – кедейшілікке итермелейтін әрекет

"Ақ жол" партиясының орталық кеңсесінде "Кәсіпкерлік қызметті реттеу туралы" заң жобасы бойынша жиын өтіп, оған Ұлттық эконмика вице-министрі Тимур Жақсылықов қатысты. Фракция депутаттары заң жобасына толықтырулар енгізуді сұрады, деп жазады inbusiness.kz.

"Мониторинг топтарының жұмыстары бизнеске мәселе туындатып отыр. Пандемия кезінде бірнеше заңсыз әрекет еткендерін байқап, Үкімет басшысы мен прокуратураға бес-алты рет хат жолдағанбыз. Прокуратура өз жауаптарында "Иә, олардың тексерулері кәсіпкерлік кодекстің тармақтарына сай келмейді" деп мойындайды, бірақ олардың жұмысын ақтап шығады", – дейді "Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Перуашев.

Ол кәсіпкерлік нысандарды тексеру жұмыстарына полиция мен әкімдік өкілдері араласқанын қаламайтынын білдірді.

"Мониторингтік тексеруді сол салаға жауапты мемлекеттік органдар ғана тексеруі керек. Мысалы, қазір полиция мен әкімдік өкілдері жүреді. Олар эпидемиологиялық талаптарды қайдан біледі? Қолдағы қағазына сүйеніп, айыппұл салады", – деп, бірнеше мысал келтірді.

Айтуынша, пандемия кезінде Алматы облысы Текелі қаласында базарда істейтін жалғызбасты анаға бетпердесін мұрынынан төмен таққаны үшін 600 мың теңгедей айыппұл салынған. "Бұл миға сыймайды. Бұл кедейшілікке итермелейтін әрекет қой. Базардағы адам мұнша ақшаны қай уақытта төлеп бітеді?" деді ол. 

"Қазір бұл тақырыптың өзектілігі жоғалды деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ олай емес. Қытай мен Ресейдің жағдайына қарасақ, коронавирус қайта күшейуі мүмкін. Ал індет күшейсе, мониторинг топтары алдымыздан қайта шығады", – деп түсіндірді Перуашев.

Айта кетейік, мәжіліс депутаттары бұл заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған. 

"Оны екінші оқылымда да мақұлдаймыз. Өйткені кәсіпкерлерге тиімді тұстары көп. Бірақ өз ұсыныстарымызды енгізуге тырысамыз", – деді Перуашев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу