ҚР парламенті мәжілісінің депутаты, "Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Перуашев қоғамға офшордан қайтарылған қаржы көлемін жариялауды талап етті, деп хабарлайды lsm.kz.
"Ақ жол" лидері премьер-министр Бақытжан Сағынтаев пен бас прокурор Жақып Асановқа әртүрлі жолмен шетел асып кеткен активтердің қаншасы қайтарылғанын, оның жалпы сомасын жариялауға депутаттық сұраныс жасады.
Депутат қоғам легализацияның нақты нәтижесін білуге тиіс деп санайды. Осыған байланысты офшор аймағынан легалиязациялау кезінде Қазақстан экономикасына қанша қаржы қайтарылды және құқық қорғаушылар тарапынан күштеп қайтарылған сома қанша екенін халыққа жариялау керек.
Сонымен қатар депутат 2016 жылы бас прокуратураның 10 жыл ішінде тек қозғалған қылмыстық істер бойынша шетелдерге 10 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы әкетілген деген мәліметін тілге тиек ете келе, "Ұлттық банктің мәліметі бойынша соңғы он жылда шетелге тікелей инвестиция көлемі 100 миллиард доллар болған. Бұл тек ресми аударым көрсеткіші, ал қанша ақша жасырын шетел асатынын өздеріңіз болжай беріңіздер", -деді ол.