Азат Перуашев "жұмыс істеп жүрген бомждар" деп кімдерді меңзеді?

1012

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Үкімет шешімдерді кеш қабылдайтынын, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасы кеш мақұлданғанын мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz. 

Азат Перуашев "жұмыс істеп жүрген бомждар" деп кімдерді меңзеді?

"Еліміз талай экономикалық дағдарыстан өтті. Соның салдарынан адамдар жұмысынан айырылды, несиесін төлей алмады. Ал отандық банктер не істеді? Азаматтарымызды далаға шығарып, оларды "бомждарға" айналдырды", - деді депутат. 

Сәрсенбі күні Мәжілісте жеке тұлғалардың банкроттығы туралы және ілеспе заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданған болатын. "Ақ жол" партиясы бұл заңның қажеттігі туралы мәселені 2013 жылдан бері айтқан. Депутаттың айтуынша, "жұмыс істеп жүрген бомждар" дегеніміз несиесін әрең өтеп жүрген қазақстандықтар көрінеді.

"Сіздерге бір мысал келтірейін. Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы жарылыстан қаза тапқан офицерлердің, құтқарушылардың несиелерін мемлекет өзі жапты. Ондай шешімді Мемлекет басшысы қабылдаған болатын. Сонда бір құтқарушының мойнында 15 несие бар екені анықталды. Оның Құдайға шүкір жалақысы жаман емес. Сонда да оның жалақысы күнделікті тұрмысына жетпей тұр екен. Бұл нені көрсетеді? Біз өз азаматтарымызды мұндай жағдайлардан қорғауымыз керек", - деді халық қалаулысы Мәжіліс кулуарында.

Ол "қазіргі Үкімет шешімдерді кеш қабылдайтынын" атап өтті. 

"Біз талай мәселелерді көтеріп келеміз. Үкімет соны қолдамай, оған келіспей жүр. Мысалы, Президенттің Жолдауында айтылған дифференциалды салықты алар болсақ. Біз бұл мәселені 2011 жылдан бері Үкіметтен талап еттік. Үкімет үнемі бас тартқан болатын. бірақ біз өзіміздің дұрыс екенімізді өте жақсы білеміз. Себебі бұны Еуроодақтың тәжірибесіне сүйене отырып көтерген едік", - деді ол.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу