Әзербайжан Қорғаныс министрлігі Армения қарулы күштерінің бөлімшелері Әзербайжан әскерінің Кельбаджар ауданындағы позицияларына оқ жаудырды деп мәлімдеді, деп хабарлайды Inbusiness.kz ведомствоның мәлімдемесіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметі бойынша, 26 шілдеде сағат 3.00-ден бастап Армения қарулы күштерінің бөлімшелері Басаркечар ауданының аумағынан атыс қару-жарақтары пен гранатометтерден Әзербайжан әскерінің Кельбаджар ауданындағы позицияларына шабуылдаған.
"Осы орайда Әзербайжан бөлімшелері тиісті шара қабылдап жатыр", – деп жазылған хабарламада.
Еске сала кетсек, Таулы Қарабақтағы қарулы қақтығыс 2020 жылдың 27 қыркүйегінде басталып, аймақтағы ахуал ушығып кеткен еді. 9 қарашада Ресей президенті Владимир Путин, Армения премьер-министрі Никол Пашинян мен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев аймақтағы қарулы қақтығысты тоқтату туралы келісімге қол қойып, қос тарап бітімге келген болатын.
Табиғат Нұрболат