Әзербайжан қараша айында ОПЕК+ келісіміндегі міндеттемелерді түгелдей орындады. Бұл туралы елдің энергетика министрлігі хабарлады.
"Ынтымақтастық хартиясы бойынша Әзербайжан тамыз және желтоқсан айларында бір күнде өндірілетін мұнай көлемін 131 мың баррельге қысқартуы тиіс. Қазір күніне 587 мың баррель өндіріліп жатыр. Яғни бұл Әзербайжан қарашада альянстың міндеттемелерін 100% орындады деген сөз", – деп жазылған ведомствоның ресми мәлімдемесінде.
Министрліктің дерегінше, өткен айда конденсатты қоса есептегендегі тәуіліктік өндіріс көлемі 686,2 мың баррель болған. Оның 587 мыңы мұнай, қалғаны конденсаттың үлесінде.
Еске сала кетсек, ОПЕК+ 2020 жылдың 12 сәуірінде "қара алтын" өндірісін қысқарту туралы шешім қабылдаған еді. Келісім бойынша мамыр мен шілде аралығында бір күндегі өндіріс көлемі 9,7 млн баррельге, тамыз бен желтоқсан аралығында 7,7 млн баррельге азайтылды. Ал 3 желтоқсанда альянс 2021 жылдың қаңтарынан бастап 0,5 млн баррельге көбейтетінін мәлім етті.
Табиғат Нұрболат
Фото: trend.az